Егіс алқабын шегіртке "жаулайын" деп тұр

1075

Үйірлі шегірткемен күреске республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді.

Егіс алқабын шегіртке "жаулайын" деп тұр

"Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы" РММ зерттеуінше, биыл 554 мың гектар алқапқа үйірлі шегіртке, оның ішінде 295,9 мың гектарға –италиялық прус, 164,2 мың гектарға – азиялық, 93,9 мың гектарға – марокколық, 266,8 мың гектарға – саяқ шегіртке таралуы мүмкін.

Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс осы деректі алға тартып, үйірлі шегірткемен күреске республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінетінін мәлімдеді. Оның сөзінше, саяқ шегірткеге қарсы күрес жүргізу үшін жергілікті бюджет қаражатынан 555,1 млн теңге қарастырылған.

"Орталық қоймада шегірткемен күреске арналған 47,5 мың литр пестицид қоры бар. Бұл қор зиянкестерден 525,3 мың гектар жерді қорғауға жетеді", – деді комитет төрағасы.

Белгілі болғандай, үйірлі шегірткеге қарсы тиімді өңдеу жүргізу үшін түрлі пестицидтер сатып алыныпты. Бұл туралы Алмабек Марс: "Өңдеуге 148 бірлік арнайы бүріккіш техника тартылды. Жер үсті бүріккіштері мен газ генераторлары бойынша шарттар жасалды. Министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп, өңірлерде жедел штаб құрды. Мониторинг және химиялық өңдеу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша жұмыс жоспарын бекітті",– деді.

Қанат Махамбет

Фото: Pixabay

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу