eGov Mobile қосымшасы арқылы тауардың түпнұсқалығын тексеруге болады

182

Naqty Onim сервисі негізінде іске асырылған қызметте пайдаланушылар тауардың түпнұсқалығын тексере алады.      

eGov Mobile қосымшасы арқылы тауардың түпнұсқалығын тексеруге болады Фото: kkm.ru

eGov Mobile мобильді қосымшасында тауарларды цифрлық кодтар бойынша тексеру функциясы пайда болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазір қосымшада жалған өнім жиі анықталатын дәрі-дәрмек, темекі бұйымдары және аяқ киім санаты бойынша мәліметтер қолжетімді. eGov Mobile қосымшасындағы цифрлық код (Data Matrix-коды) сканерленсе, тауардың түпнұсқалығы, өндірушісі, негізгі сипаттамалары және өнімнің шығарылған күні туралы ақпарат ұсынылады.

Қызметті пайдалану үшін:

  1. eGov Mobile қосымшасында авторизациядан өтіп, "Сервистер" бөлімін ашу керек;
  2. "Naqty Onim" сервисін таңдап, деректерді беруге келісім беру қажет;
  3. "Бастау" батырмасын басып, смартфон камерасын Data Matrix кодына бағыттау керек.

Сканерлеуден кейін пайдаланушыға тексеру нәтижесі көрсетіледі. Егер цифрлық код болмаса немесе дұрыс шықпаса, жүйе тиісті хабарламаны шығарады.

"eGov Mobile қосымшасындағы тексеру функциясы міндетті цифрлық таңбалауға жататын және Data Matrix коды бар тауарларға қолданылады. Дәрі-дәрмектерді тексеру кезінде өнімнің нақты дәрілік препарат санатына жататыны ескеріледі. Сондай-ақ оның өндірілген күні маңызды. Себебі 2024 жылғы 1 шілдеге дейін шығарылған дәрілер міндетті цифрлық таңбалауға енбейді және сканерлеу кезінде жүйеде көрінбеуі мүмкін. Мұндай жағдайда тексеру нәтижесінің шықпауы тауардың заңсыз немесе жалған екенін білдірмейді", – делінген "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ таратқан мәлімдемеде.

Елімізде 2024 жылы 1 шілдеден бастап шығарылған дәрі-дәрмектер, сондай-ақ барлық темекі өнімдері мен аяқ киім міндетті түрде цифрлық түрде таңбаланады.

2026 жылы 1 ақпаннан бастап сыра мен мотор майларын таңбалау кезең-кезеңімен енгізіледі, ал 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап бұл тәртіп жеңіл өнеркәсіп тауарларына да қолданылады.

"Қазір пилоттық режимде биологиялық белсенді қоспалар, медициналық мақсаттағы бұйымдар, тұрмыстық химия, газ баллондар және өсімдік майын таңбалау сынақтан өтіп жатыр. Алдағы уақытта бұл санаттағы тауарларды да заңдылығы мен түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік пайда болады", – делінген "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ таратқан мәлімдемеде.

Айта кетейік, жаңа функцияны Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ және Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай операторы бірлесіп іске қосқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу