eGov-та мүлікті сақтандыру қызметі іске қосылды

127

Сақтандыру тұрмыста жиі кездесетін негізгі тәуекелдерді, соның ішінде өрт, жарылыс және су басу салдарынан келтірілген залалды қамтиды.  

eGov-та мүлікті сақтандыру қызметі іске қосылды Фото: claimrite.uk

Полис ай сайынғы жазылу форматы бойынша рәсімделеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

eGov mobile қосымшасында мүлікті және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті ерікті сақтандыруға арналған жаңа цифрлық сервис іске қосылды. Жоба "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ  ("ҰАТ" АҚ ) және "Tumar" сақтандыру брокері" жеке серіктестігінің бірлесуімен жүзеге асырылып, азаматтарға арналған цифрлық қызметтер шеңберін кеңейтуге бағытталған.

Жаңа сервис тұрғын үй жылжымайтын мүлкін және көршілер алдындағы жауапкершілікті толықтай онлайн форматта сақтандыруға мүмкіндік береді.

"ҰАТ" АҚ басқарма төрағасы Даулет Бекмановтың айтуынша, сақтандыруды рәсімдеу туралы шешім пайдаланушының өз еркінде. Ал "ҰАТ" АҚ командасы серіктестермен бірлесіп сервистің мобильді қосымша экожүйесіне ыңғайлы әрі қауіпсіз енгізілуін қамтамасыз етті.

nitec.kz мәліметінше, сақтандыруға жазылу құны айына 1500 теңгені құрайды. Төлемдердің жалпы сомасы 500 мың теңгеге дейін жетеді. Оның 250 мың теңгесіне дейін мүлікке келтірілген залалды өтеуге, ал тағы 250 мың теңгесіне дейін үшінші тұлғаларға келтірілген зиянды өтеуге бағытталады.

Сервис жылжымайтын мүлікті енді рәсімдеген азаматтарға қолжетімді. Меншік құқығы тіркелгеннен кейін пайдаланушылар eGov Mobile қосымшасында сақтандыруды рәсімдеу туралы хабарландыру алады.

Полис бірнеше минутта, толықтай цифрлық форматта рәсімделеді. Бұл қағаз құжаттардан бас тартып, процестің қарапайым әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз етеді. Сервис мемлекеттік электрондық қызметтер экожүйесіне біріктірілгендіктен, азаматтар мүліктік және әкімшілік мәселелерді бір қосымша арқылы қатар шеше алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу