ЕҚДБ ОҚО инфрақұрылымын дамытуға ынталы

1132

ЕҚДБ ОҚО инфрақұрылымын дамытуға ынталы

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Еуропалық қайта құру және даму банкiнің (ЕҚДБ) Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Джанет Хэкманмен кездесті. Басқосуда тараптар екіжақты бірлескен жобалар жайын талқылап, алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды strategy2050.kz.

Аймақ басшысы, ең алдымен, мәртебелі мейманды өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен таныстырып, аталған банк өкілдігімен ауыл шаруашылығы, коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым, автожолдар салу мен әуежай құрылысын жүргізу салаларында бірлесе жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді, делінген облыс әкімдігі таратқан хабарламада.

Үш миллионға жуық халқы бар өңірдегі туу көрсеткішінің жоғары екенін, сәйкесінше, бұл ретте инфрақұрылымдық, әлеуметтік, коммуникациялық мәселелер жайы туындайтыны заңды екеніне тоқталған әкім, атап айтқанда, сумен жабдықтау, жылумен қамтамасыз ету, электрмен жабдықтау мәселесінде қаржы бөлу қажеттігін айтты. 

"Жалпы, ҚР Үкіметінен түрлі салалар бойынша көптеген қаржы бөлінуде. Десе де, мұндай халықаралық ұйымдардың қаржысы біз үшін артықтық етпейді. Аталған банкпен бірге біздің тарап Шымкент, Түркістан, Кентау қалаларының инфрақұрылымдарын дамыту бойынша жұмыстар жүргізуге әзір. Бұл қаржы институтымен бірлесе жұмыс істеудің бірінші тиімді тұсы, теңге айналымын жүргізуге мүмкіндігіміз бар. Екіншіден, пайыздық мөлшерлемесі басқа банктермен салыстырғанда өте төмен", – деді Ж.Түймебаев.  

ЕҚДБ-нің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Джанет Хэкман айтылған ұсыныстар бойынша ынтымақтастық орнатуға дайын екенін жеткізді. Кездесу қорытындылары бойынша тараптар алдағы уақытта нақты ұсыныстар негізінде жұмыс істеуге уағдаласты. 

Айта кетейік, Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) — халықаралық үкіметаралық қаржы-несиелік ұйым болып табылады. Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің ұзақ мерзімді несиелендіру жөніндегі аймақтық мемлекетаралық банкі. Ол қаражат бөлумен қатар, тікелей шетелдік инвестициялардың едәуір көлемін де тартады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу