"Екі аяғы кесілген": Арыс әкімінің ұлына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Жантүршігерлік жол апаты 2026 жылдың 29 мамырында Астана-Павлодар тасжолында болған еді.  

"Екі аяғы кесілген": Арыс әкімінің ұлына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды Фото: stan.kz

Сол оқиғадан соң 20 жастағы студент Талғат Емелдің екі аяғын дәрігерлер ампутациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Көлік тізгінін Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың ұлы басқарған. Автокөлік жол жиегіндегі темір қоршауға соғылып, ол көліктің салонын тесіп өткен. 

Оқиға бойынша Екібастұз қаласының полициясы жол жүрісі қағидаларын бұзып, абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғаған еді.

– Биылғы жылдың 16 қыркүйегінде жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша қылмыстық іс Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 1 шілдедегі рақымшылық жасау туралы заңның негізінде тоқтатылып, бекіту үшін Екібастұз қаласының прокуратурасына жолданды. Сонымен қатар, зардап шеккендерге азаматтық тәртіппен сотқа жүгіну ұсынылды, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті. 

Осыған дейін Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев көлікті ұлының басқарғанын растап, заңнамаға сай, өз әрекеті үшін жеке жауапкершілікке ие екенін жеткізген. 

– Заң алдында барлығы тең. Бұл қағидат менің отбасы мүшелеріме де толық қолданылады. Оқиғаның барлық мән-жайына объективті құқықтық баға беріледі. Ал түпкілікті шешімді заңда белгіленген тәртіппен құзыретті мемлекеттік органдар қабылдайды, – деді Қайсар Маңқараев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу