Екі баласын 1 млн теңгеден саудалаған Жетісу облысының тұрғыны ұсталды

Елімізде адам саудасына байланысты 30 қылмыс анықталды.

Екі баласын 1 млн теңгеден саудалаған Жетісу облысының тұрғыны ұсталды Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы онлайн брифинг барысында ҚР ІІМ өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті. 

"ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті қыркүйек айында "STOP-трафик" кезекті кең ауқымды операциясын жүргізіп, онда полиция қызметкерлері адам саудасына байланысты 30 қылмысты анықтады", – деді спикер. 

Оның ішінде кәмелетке толмағандар саудасының 3 фактісі, жұмысқа қанау мақсатында заңсыз бас бостандығынан айырудың 3 фактісі, адам саудасының 2 фактсі, адам органдары саудасының 2 фактісі, жезөкшелікпен айналысуға тартудың 3 фактісі, оның ішінде кәмелетке толмағанды тартудың – 1 фактісі тіркелді. 

Сондай-ақ жезөкшелік пен жеңгетайлықпен айналысу үшін притондарды ұйымдастырудың немесе ұстаудың 17 фактісі анықталды. Сонымен қатар жезөкшелік және жеңгетайлықпен айналысу үшін үй-жайларды жалға бергені үшін 56 және интимдік қызметтер ұсыну мен қайыр сұраумен байланысты 475 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. 

Мәселен, шара кезінде Маңғыстау облысы ПД ҰҚҚКБ 44 жастағы Өзбекстан азаматын бірнеше жыл бойы алдап, құжаттарын қайтармай, еңбекке тартқан облыс тұрғынын анықтаған. 

"Ер адамды мал бағуға, үйдегі қосалқы жұмыстарды орындауға мәжбүрлегені белгілі болды. Қыстау жақын елді мекеннен 90 км қашықтықта орналасқан. Бұл факт ҚК-нің 126-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы (қанау мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру) бойынша СДТБТ-де тіркелген, тергеу жүргізілуде. Қазіргі уақытта жәбірленушіге көмек көрсетілуде", – деп мысал келтірді ІІМ өкілі. 

Жетісу облысы ПД ҰҚҚКБ бала саудасы үшін облыстың 23 жастағы тұрғынын ұстады. 

"Күдікті делдалдар арқылы өзінің 2022 және 2023 жылдары туған екі баласын сатқаны анықталды. Бірінші факт 2022 жылдың қазан айында, ал екінші факт 2023 жылдың тамыз айында орын алған, екі жағдайда да мәміле сомасы 1 млн теңгені құраған. Аталған фактілер Қылмыстық кодекстің 135-бабы бойынша (кәмелетке толмағандар саудасы) тіркелді", – деді деді Шұғыла Тұрлыбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу