Германия мен Франция Еуропа елдерін Қытай ықпалына қарсы тұруға шақырды

956

Германия мен Франция  Еуропа елдерін Қытай ықпалына қарсы тұруға шақырды

Германия канцлері мен Франция президенті өзге еуропалық елдерді Қытайдың жылдан жылға артып келе жатқан ықпалына қарсы тұруға шақырды, деп хабарлайды islam.kz.

Жалпы, Әлемде Қытай компаниялары ұшыраспайтын ел сирек. Bloomberg ақпарат көзінің келтірген дерегіне қарағанда, экономикалық мүддесін алға қойып, "жұмсақ күшпен" әлемді жаулап алуға болатынын Қытай дәлелдеп берді. Мәселен, Қытай халық республикасының Еуропа елдеріне 2008-2018 жылдар аралығында құйған инвестициясы кем дегенде 318 млрд долларға жеткен.

ЕО орталығы - Брюссел қаласында еуропалық елдер басшылары қытай белсенділігінен қауіптеніп отыр. Германия канцлері Ангела Меркел мен Франция президенті Эммануэл Макрон өзге еуропалық елдерді Қытайдың жылдан жылға артып келе жатқан ықпалына қарсы тұруға шақырды. Ол үшін бірыңғай стратегияны әзірлеу керектігін алға тартып отыр.

Соңғы он жылда бұл тарапта қалыптасқан күрделі ахуалды талқылаған ЕО жетекшілері мынадай мәлімет келтірген екен: 2008-2018 жылдар аралығында кәрі құрлықтағы 30 ел қытай компанияларымен ұзын саны 678 мәміле жасасқан. Еуропа елдері арасында Ұлыбритания мен Германия бұл мәселеде алда келеді: немістер қытайлық әріптестерімен жалпы сомасы 20,33 млрд-ты құрайтын 225 мәмілеге қол қойған. Ал британдықтар - 227 мәміле (70,6 млрд доллар). Ал үшінші орында Франция тұр - 13,47 млрд долларды қамтитын 89 мәміле. Одан кейінгі орынға жайғасқан Италия - 31,29 млрд доллардың 85 мәмілесі жасалған.

Әсіресе, 2016 жылы қытайлар үшін кәрі құрлықта ең жемісті жыл болды: ChemChina компаниясы швейцариялық Syngenta AG тыңайтқыш өндіретін кәсіпорынды 46,3 млрд долларға сатып алды. Соңғы он жылда қытай тарапы еуропалық компанияларды сатып алу үшін 255 млрд доллар жұмсаған екен. Яғни, шамамен 360 еуропалық фирмаларды қытайлар сатып алған. Олардың ішінде Pirelli доңғалақ жасайтын аса ірі италиялық компания немесе ұшақтарды жалға беретін ирландиялық Avolon фирмасы да бар. Бұдан бөлек, қытайлар кәрі құрлықта ең аз дегенде Еуропаның 9 елінде 4 әуежайға, 6 теңіз айлағына, сондай-ақ, желден энергия өндіретін электрстансалары мен 13 футбол клубына ие болған. Ал экономикалық сала бойынша қытайлар Еуропада химия өнеркәсібінде белсенділік танытып отыр - 48,8 млрд доллар. Сонымен қатар, жылжымайтын мүлік - 23,9 млрд доллар. Ал банктер мен қаржы мекемелеріне қытайлар 14,3 млрд доллар салған. Еуропадағы елдерге қытайлардың 670-тен аса компаниясы инвестиция құйған.

Румыния мен Болгариядағы атом электр стансаларының құрылысында, Швецияның айлақ құрлысында, Хорватияның контейнер терминалында, Белград пен Будапешт арасын жалғауға тиіс теміржол құрлысында, Чехияның Skoda автоөндірісінде, т.б. қытайлар жүр. Германия канцлері Ангела Меркел мен Франция президенті Эммануэл Макрон Еуропа елдерінің жетекшілерін қытайлық компаниялармен жасасқан әрбір мәмілені қайта сүзгіден өткізіп, мұқият тексеруді талап етуде. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу