Екі оқушы мен мұғалімнің өлімі: Көлік жүргізушісіне жаза кесілді

675

Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданының тұрғыны 5 жылға бас бостандығынан айрылды.  

Екі оқушы мен мұғалімнің өлімі: Көлік жүргізушісіне жаза кесілді Фото: Әзиз Жанұзақ

Бұл жантүршігерлік оқиға былтыр, желтоқсан айында болған еді. Жаныс би ауылынан шыққан  "Toyota Alpard" көлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, жүк көлігіне соққан. Үш адам сол  жерде қайтыс болды. Олардың бірі мектеп мұғалімі, екеуі оқушы. Рөлдегі адамның да сол мектепте жұмыс істегені белгілі болды. Марқұмдардың бірі оның қарындасы. Көліктегілердің барлығы аудан орталығында өтетін пәндік олимпиадаға бара жатқан.

Жандос Шамшадин "Екіден көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу" фактісі бойынша айыпталған болатын. Судья үкім шығару барысында жазаны жеңілдететін мән-жайлардың назарға алынғанын атап өтті. Осылайша, оған бес жыл жаза кесілді. Сондай-ақ жеті жылға көлік басқару құқығынан айрылды.

"Мен бес жыл кесіп отырмын. Бұл абайсызда жасалған қылмыс, әдейі жасалған қылмыс емес. Сондықтан, қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазасын өтейді. Барлық жақ оған кешірім беріп отыр. Оларды да көрдік, тыңдадық. Сондықтан, бұл жігіттің жазасын ауырлата алмаймын. Заң талабына сәйкес бәрі. Істі қарау барысында анықталды, мектеп директоры, орынбасарлары – ешкім оларды қадағаламаған. Арнайы сүйемелдеу болмаған. Сондықтан бөлек екі қаулы дайындалды. Ырғыз аудандық полиция бөлімінің басшылығы да жауап берсін. Білім басқармасы жауап берсін." - деді үкім оқылғаннан кейін судья Нұрлан Бақтығалиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу