Екібастұз әкімдігі қаланы жылусыз қалдырған монополистті сотқа берді

Билік төтенше жағдайға жұмсалған шығынды өндіріп алмақ.   

Екібастұз әкімдігі қаланы жылусыз қалдырған монополистті сотқа берді Фото: Константин Шелков

Өткен жылдың 28 қараша мен 8 желтоқсаны аралығында қаладағы жылу желілерінен шыққан апаттың салдарынан техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланған болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Сол тұста жылусыз қалған 100-ге жуық тұрғын үйдегі жағдайды реттеп, желілерді ауыстыру үшін еліміздің әр түрлі өңірінен жұмысшылар шақырылды. Оларды орналастырып, тамақтандырып, төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген техникаларды жанар-жағармаймен қамту үшін жергілікті бюджеттің төтенше жағдайда пайдаланылатын қорынан 22 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды.

Енді жергілікті билік қаланың басым бөлігін жылусыз қалдырған кәсіпорынға шығынның орнын толтыру бойынша хат, кейін мәселені сотқа дейін реттеу жөнінде шағым жолдады. Өз кезегінде "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС материалдық шығынды өтеуден бас тартты. Қазіргі кезде аталмыш іс облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта қаралуда. 

Ал бұл ретте Екібастұздағы жылу-электр станциясы қоршаған ортаға зиянды қалдықтардың көп көлемін шығаруды доғарар емес. Тұрғындар станциядан шыққан қою қара түтіннен демалу мүмкін еместігін айтып, шағым білдірді. Еске салсақ, осыдан бір айға жетер-жетпес уақыт бұрын да қаланы қою қара түтін басқан-ды. 

Бұл жолы облыстық экология департаменті көпшіліктің арыз-шағымы негізінде тексеріс жұмыстарын жүргізіп, кемшіліктің барын анықтады.

"Тексеріс нәтижесінде №15 қазандық агрегатының қабырғаларында саңылау пайда болып, соның салдарынан цехтың терезесі, төбесі, ағаш есіктері арқылы шаңның сыртқа шыққаны белгілі болды. Зерттеу нәтижесі шаңның рұқсат етілген концентрациядан артық екенін де көрсетті", - деп хабарлайды департамент өкілдері. 

Осы олқылықтары үшін станция басшылығы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің төрт бабы бойынша жауапқа тартылып, 3 млн теңге көлемінде айыппұл арқалады. Сондай-ақ, экологтар №15 қазандық агрегатының жұмысын тоқтату туралы сотқа арыз берді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу