Екібастұз бен Риддер апаты салаға сабақ бола ма?

590

Екібастұз бен Риддер қалаларында болған апат, елдегі жылу желілерінің әбден ескіргенін көрсетті. Республикадағы 37 жылу электр станциясының жартысынан көбі тозған.

Екібастұз бен Риддер апаты салаға сабақ бола ма? Фото: egemen.kz

Оны орталықтардың техникалық жағдайына талдау жасаған Энергетика министрлігі де мойындады. Қалғандарының да жетісіп тұрғаны шамалы. Қыстың көзі қырауда Екібастұз жұртын жылусыз қалдырғандар әзірге алшаң басып жүр. Үкімет басшылары апатқа кінәлілерді тауып жазалаймыз, деп кіжінген. Ал, тексеру жүргізіп жатқан арнайы комиссия асығар емес. 

Қарашаның соңында Екібастұз қаласы халқының бір бөлігі екі апта бойы жылусыз күн кешті. Тек, жалпақ жұрттың жәрдемі және жылытқыштардың арқасында жан бақты. Шаһарда төтенше жағдай жарияланып, жедел штаб та құрылды. Көп ұзамай сол кезде облысты басқарған Әбілқайыр Сқақов орнынан кетті. Қазір жарылған құбырлар жамалып, жылу қайта берілгенімен қаланың біраз бөлігінде әлі де температура теңгерімі төмен, күнара ақаулар әр жерден қылаң беруде. 

"Біз қазір әр түрлі монипуляцияларды жасап бұл үйлердің параметрін көтеру бойынша жұмысты атқарып жатырмыз. Бұл жерде мысал ретінде келтіретін болсам. Осыдан 10 жыл бойы осындай тиісті параметрлердің жетпеуінен зардап шегіп отырған мына Көшербаева 54А, 56А, 58,54 үйлерге біз жеке трасса салу бойынша жұмыстарды бастадық", дейді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин. 

30-қарашада Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұз бойынша Қылмыстық кодекстің 254 бабына сай сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қылмыстық іс, құрамы полиция, экономикалық тергеу және антикор секілді құзырлы органнан тұратын ведмствоаралық жедел-тергеу тобына тапсырылған. Ал Үкімет, жазықтылардың ешқайсысы жазадан құтылмайды деді. 

"Осы апатқа қатысы бар және оның туындауына себепкер болғандардың бірі қалмай жауапқа тартылады. Өз әрекетімен жағдайды созбаққа салғандар да жазаланады", деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.

Арада айдан аса уақыт өтті, алайда істі тергеп жатқан арнайы комиссия қорытындысын жариялап, айыптылардың атын жариялауға асығар емес. Кінәлі Клебанов бола ма, әлде қосақ арасында басқа біреу бос кете ме? Ол жағы белгісіз. Белгілісі, Павлодар облысына жуырда ғана әкім болып тағайындалған Асайын Байханов, апатқа жауапты мемлекеттік қызметкерлерді жазаға тартуда. Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Салханов сөгіс алса, облыс әкімінің бірінші орынбасары болған Олег Крук орнынан босатылды. Арқада қыс алты айға созылатыны аян. Бір айы енді ғана өтті. Демек, жылқы жылымыз әлі алда. Екібастұздың әбден тозған жылу желілері күнде тырс-тырс жарылады. Халық тағы да жылусыз қалмау үшін қандай әрекеттер жасалуда?

"Ондай тәуекелдер бар. Бірақ біз күнделікті тәулік бойы осы Екібастұздың жағдайын бақылаудамыз. Сондықтан ондай жағдайлар болатын болса, апаттар болуы мүмкін әрине мынадай желілерде бірақ сол апаттарды тез мерзімінде жою басты міндет соны біз бақылаймыз", деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов. 

Жалпы, Екібастұз бен Риддер қалаларында болған апат елдегі жылу энерго орталықтарына талдау жасауға мәжбүр етті. Сөйтсек, біздегі 37 станцияның жартысынан астамының тоз-тозы шыққан. Яғни, қызыл аймақта тұр. Тағы 11-і сары аймақта. Жылу маусымы қарсаңында әкімдер жалған ақпарат беріп Үкіметті алдап келген. 

"Біз қыркүйек айында осы мәселеге қатысты арнайы Үкімет отырысын өткізгенбіз. Сол кезде әкімдіктер жылу беру маусымына сақадай саймыз, дайынбыз деді. Әкімдер ешқандай проблема жоқ, деп баяндады. Алайда жалаң есеп пен жалған ақпараттың соңы тарихта болмаған сорақы жағдайға алып келді. Екі айдың ішінде екі бірдей ірі апат болды", деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Премьер-министр 2023 жылы электр санциялары мен жылу желілерінің сапасын тексеріп оны бірінші тоқсанда аяқтауды тапсырды. Содан кейін жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады. Бірінші кезекте тозығы 70%-дан асып кеткендері ауыстырылады. Олардың ұзындығы 1600 шақырым. Екінші кезеңде 4 мың шақырымға жуық желі жаңартылады. Әлихан Смайыловтың есебінше, бұл өте ауқымды жұмыс әрі көп қаражатты талап етеді.

Есенбек Санатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу