Екібастұздық дәрігер Анар Күркебайқызы ұшақта есінен танып қалған жолаушыға көмек қолын созды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "ҚазАқпарат" агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға Астана – Прага бағытындағы әуе рейсінде болған. Жолаушының өмірін аман алып қалған дәрігер – Анар Күркебайқызы. Ол Екібастұздағы емханалардың бірінде жалпы тәжірибе дәрігері болып жұмыс істейді. Дәрігердің айтуынша, ұшақ әуежайдан көтерілген соң арада бір сағаттай уақыт өткенде жолаушыға медициналық көмек қажет болған.
"Мұны естіп бірден науқастың жанына бардым. Жасы шамамен 50-лердегі әйел адам сұлқ түсіп, есінен танған. Қан қысымы төмендеп кеткен. Шұғыл түрде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, аяқтарын жоғары көтерттім. Қажетті ем-дом жасаған соң науқас есін жия бастады. Оның айтуынша, ешбір медициналық есепте тұрмаған, мұндай жағдайға бірінші кезігіп отыр. Науқастың жанында бір сағаттай болып, әуежайға аман-есен келіп қондық", – деді дәрігер.
Кейін жолаушы әйел адам жедел жәрдем қызметінен бас тартып, өзін жақсы сезінетінін айтқан.