Екібастұз қаласын дамытуға шамамен 1 трлн теңге жұмсалмақ

623

Шаһарды 2025 жылға дейін дамытудың жоспары әзірленді.  

Екібастұз қаласын дамытуға шамамен 1 трлн теңге жұмсалмақ

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Екібастұз қаласын дамытуға айрықша назар аударылып отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар облысында орналасқан бұл шаһардың өңір үшін ғана емес, тұтас мемлекет үшін маңызы зор. Елде өндірілетін көмірдің 50%-ы, электр энергиясының 20%-ы, мыс концентратының 27%-ы мен теміржол бөлшектерінің 70%-ы осында шығарылады. Сондықтан 150 мыңнан астам тұрғыны бар қаланы одан әрі өркендетіп, экономиканың жаңа тетіктерін табу бүгінгі күннің басты мәселесі болып отыр.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, 2021-2025 жылдарға дейін кешенді жоспарды әзірлеу барысында тұрғындардан 1500-ге жуық ұсыныс түсті. Сонымен қатар, отандық және шетелдік сарапшылардың пікірлері ескерілді. Нәтижесінде 119 шараны қамтитын жоспар дайындалды.

"Оларды жүзеге асыру үшін 955 млрд теңге қаржы қажет. Бюджеттік комиссияның шешімі бойынша, республикалық қазынадан 65 млрд теңге, облыстықтан 33 млрд теңге бөлінетін болды. Қалған 857 млрд теңге - жеке инвестиция. Яғни мемлекеттің 1 теңгесіне 8 теңге инвестиция тартылады", - деді аймақ басшысы.

Жоғарыда аталған шаралардың қатарында Екібастұз қаласында жекеменшік индустриялық аймақ, бес көпқабатты тұрғын үй, мұз сарайы мен спорт кешенін салып, инженерлік-коммуникациялық желілерді, жолдарды жөндеу жұмыстары бар.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу