Екібастұз тұрғын үй коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысының орынбасары мас болып көлік жүргізгені үшін жұмыстан шығарылмақ. Айдын Қояғановтың теріс қылығына Әдеп жөніндегі кеңес баға берді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
2025 жылдың желтоқсан айында Айдын Қояғанов мас болып көлік жүргізген. Полицейлер мемлекеттік қызметшіні өз үйінің ауласында тоқтатқан. Сол сәтте шенеунік орташа дәрежеде мас болған. Әкімшілік сот шешімімен бұған дейін шенеунік 15 тәулікке қамауға алынып, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында Айдын Қояғанов кешірім сұрап, жасаған ісі үшін барлық жауапкершілікті толық түсінгенін мәлімдеді.
"Сол күні менің балам ауырып қалды, дәрі-дәрмек қажет болды. Таксиге қоңырау шала алмадық. Дәріні өзім алып келуге шешім қабылдадым. Отырыстан шыққан едім. Аулада полицейлер мені ұстады. Мен отбасындағы жалғыз асыраушымын", – деді Айдын Қояғанов.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің пікірі екіге жарылды, дегенмен көпшілік дауыспен мемлекеттік қызметшіні жұмыстан шығаруға дауыс берді.