Екібастұз моноқала санатынан шықты

117

ҚР Ұлттық экономика министрлігі еліміздегі моноқалалар тізбесін жаңартты.  

Екібастұз моноқала санатынан шықты Фото: gov.kz

Тиісті өзгеріс "Қазақстан Республикасы моноқалаларының тізбесін бекіту туралы" ҚР Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 21 қарашадағы №248 бұйрығына енгізілді, деп жазады inbusiness.kz сайты "Қазақпарат" агенттігіне сілтеме жасап.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2026 жылғы 10 наурыздағы №75 бұйрығына сәйкес Екібастұз қаласы моноқалалар тізбесінен шығарылды.

Тізбені жаңарту Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау үшін жүргізілді. Құжатта елдің басқа моноқалаларын дамыту үшін Саран қаласының экономикасын әртараптандырудың табысты тәжірибесін тарату міндеті қойылған болатын.

Осы жұмыс шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуына өнеркәсіп өндірісінің серпіні, инвестициялық белсенділік, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту құрылымы және экономиканың орнықтылығының басқа да параметрлері секілді 78 негізгі көрсеткіш бойынша кешенді талдау жүргізді.

Талдау нәтижесі бойынша, Екібастұз экономиканы әртараптандырудың тұрақты үрдісін, дамудың монопрофильді моделінен біртіндеп шығуды көрсетті. Қала экономикасы теңдестірілген салалық құрылыммен, өнеркәсіптің тұрақты өсуімен және жоғары инвестициялық белсенділікпен сипатталады.

Бүгінгі таңда Екібастұз еліміздің энергетика және металлургия саласында шешуші рөл атқаратын маңызды өнеркәсіп орталығы болып отыр. 2025 жылғы қорытынды бойынша қаладағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 629,4 млрд теңге. Бұл 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, 28,1%-ға артық. Негізгі капиталға салынған инвестиция 429,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,2 есе өскен.

Халықты жұмыспен қамту экономиканың бірнеше секторы арасында бөлінген. Бұл бір қала құраушы кәсіпорынға тәуелділіктің төмендеуін және монофункционалдылық белгінің жоғалуын көрсетеді. Осыған байланысты, оң әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, Екібастұзды моноқалалар тізбесінен шығару туралы шешім қабылданды.

Жаңартылған бұйрықпен 19 моноқаланың тізбесі бекітілді: Абай, Ақсай, Ақсу, Алтай, Балқаш, Жаңаөзен, Жітіқара, Лисаковск, Қаражал, Кентау, Құлсары, Курчатов, Риддер, Рудный, Сәтбаев, Степногорск, Теміртау, Шахтинск және Хромтау. Осылайша, елдегі моноқала саны 20-дан 19-ға дейін қысқарды.

Тізбені өзектендіру моноқалаларға қатысты мемлекеттік саясаттың атаулылығын арттыруға және экономиканың қала құраушы кәсіпорындарға жоғары тәуелділігі сақталатын аумақтарда қолдау шараларын шоғырландыруға бағытталған.

Екібастұзды тізбеден шығару қала экономикасының табысты трансформациясының көрсеткіші. Оны әртараптандырудың, кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тартудағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу