Екібастұз ЖЭО кәсіпкерлердің шығынын өтеуден бас тартты

667

Екібастұз жылу энерго орталығы апат кезінде зардап шеккен кәсіпкерлердің шығынын өтеуден бас тартты. 

Екібастұз ЖЭО кәсіпкерлердің шығынын өтеуден бас тартты Фото: inform.kz

Олар тек тұрғындардың дүние мүлкін қалпына келтіріп беруді мойындарына алғанын айтады. Ал, бизнес өкілдеріне келтірілген залалдың орнын толтыру үшін сотқа жүгінуге тура келеді. 

Екібастұздық кәсіпкер Айгүл Меңдібекованың тіс емханасында апат кезінде жылу батереялары жарылып, су тиген еден жабындылары мен қабырға қаптамалары қопсып кетті. 10 күннен аса жылу мен судан ажыратылды. Салдарынан  жұмыс тоқтап, бизнес жүрмей қалды. Қол қусырып қарап отырмай, бүлінген дүниені өз қаражаттарына қалпына келтірген. Өйткені, орны толады, деген сенімде болды. 

"Барлығын өз есебімізден қалпына келтірдік. Бизнесті тоқтатып қоятын емес жұмыс істеу керек болды. Онсыз да он күн жылусыз, сусыз қалдық. Коммуналдық төлемдерді төлеу қажет. Ғимаратымыздың жылу жүйесін қалпына келтіру үшін 500 мың теңге жұмсадық. Қалалық әкімдіктен келіп акт жасап алып кеткен. Шығынның бәрін қайтарамыз деген, білмеймін қашан боларын", дейді Кәсіпкер Айгүл Меңдібекова.

Екібастұзда төтенше жағдай жарияланған кезде Үкімет апаттың зардаптарын жойып, шығындарын өтеуді монополист компанияға міндеттеген. Ал, жылу беру кәсіпорнының басшылығы болса, келісім шарт бойынша бүлінген пәтерлерді ғана қалпына келтіреміз дейді. Бизнеске бас ауыртқылары жоқ. 

"Компания зардап шеккен пәтерлерді қалпына келтіруге міндеттеме алған. Ал, заңды тұлғаларға келер болсақ олардың мәселесі сот арқылы шешілетін болады. Себебі, қарапайым адамдардың бұл жағдайға қатысы жоқ десек, бизнес нысандарының жауапкершілігі бар", дейді "Павлодарэнерго" АҚ бас директоры Вадим Лесин. 

Апат кезінде Екібастұзда 50-ге жуық бизнес субъектісі бүлінді. Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы дүние мүлкі жарамсыз болып қалған кәсіп иелеріне арналған алгоритмді әзірлеген болатын. Сол арқылы кәсіпкерлер өтемақы алатыны да айтылған. Бірақ, сотсыз мәселе шешілмейтін сыңайлы.  

"Бүгінгі таңда Екібастұз жылуэнерго орталығы апаттан зардап шеккен бизнес өкілдеріне көмектесуден бас тартып отыр. Қазір прокуратура кәсіпкерлердің шағымын қабылдауда. Сол шағымдардың негізінде сотқа арыз бермесе монополист өз бетімен шығынды өтейтін түрі жоқ. Біз бизнесмендерге құқықтық кеңестер беріп жатырмыз", дейді Екібастұз қалалық кәсіпкерлер палатасының маманы Қарлығаш Ракпарова. 

Екібастұздағы жылу желісіндегі апаттан кейін 346 пәтердің бүлінгені анықталды. Олардың ішінде аса қатты зақымданған 250 баспананы жөндеуді монополист компания мойнына алған. Бүгінгі таңда олардың 150-де жұмыстар аяқталды. Қалғандарын наурыз айына дейін қалпына келтіру жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу