banner

Екібастұзда 11 үйдің тұрғындары әлі тоңып отыр

415

Екібастұздың жылу жүйесінде апат болғалы тоғыз тәулік өтті. Әлі де болса 11 көпқабатты және жетпістей жер үй тұрғындары тоңып отыр. 

Екібастұзда 11 үйдің тұрғындары әлі тоңып отыр

Жергілікті билік жылудың жертөлелерге жеткенін айтады. Ал, Екібастұздағы жылу орталығының жыларман күйін айтып жазда Президентке үндеу жасаған павлодарлық қоғам белсендісі, Қасым-Жомарт Тоқаевқа тағы бір мәлімдеде жолдады. 

Тоғыз күн бойы жылусыз қалған екібастұздықтар ашынғаннан жағдайларын әлеуметтік желіде ашық айтуда. Қазір қалада 11 көпқабатты және 70-ке жуық жер үй тұрғындары тоңып отыр. Жергілікті билік ол үйлердің жертөлесіне жылу жеткенін айтады. 

"11 көпқабатты үйдің подвалына жылу жеткізілді, қазір циркуляция бар. Келесі біздің алдымызда тұрған міндет ол мына үйдің стояктарымен пәтерлердегі әр регистрге жылуды жеткізу болып отыр", дейді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.

Тұрғын үйлерге жылуды толықтай беріп алған соң ғана әлеуметтік нысандар мен коммерциялық ғимараттарға көшпек. 

Қазір Екібастұзда желіні қалпына келтіру жұмыстарына еліміздің жеті кәсіпорнынан мыңға жуық маман жұмылдырылған. Ал, жаздың күні кеншілер қаласындағы жылу орталығының мүшкіл қалін айтып, күрделі жөндеу жасамаса биыл қыста апат боларын болжап Президентке дабыл қаққан қоғам белсендісі, мемлекет басшысына тағы бір үндеу жолдады. 

"Президент мырза, мен Сізге кезекті рет үндеу жолдаймын. Адам төзгісіз жағдайда күн кешіп жатқан екібастұздықтарға жедел көмек көрсетуіңізді сұраймын. Ол үшін біріншіден, резервтік қордан 5 млрд теңге бөліп оған апаттың зардабын жойып, желіні және пәтерлерді қалпына келтіруге жарлық шығарыңыз. Екіншіден, Клебанов басқаратын компаниядан да 5 млрд теңге бөлуді талап етіңіз", деді қоғам белсендісі Юрий Павленко.

Сондай-ақ қоғам белсендісі, Екібастұзға көмек ретінде ірі кәсіпорындар мен жекелеген жомарттардан аударылатын ақшаларды басқаратын Үкімет жанынан арнайы қор құруды ұсынады. 

Айтпақшы, зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру шығынын "Екібастұз жылу орталығының" құрылтайшылары көтереді. 

"Зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру шығынын "Орталық-Азиялық энергетикалық корпорациясы мойнына алады. Олан басқа қайырымдылыққа келіп жатқан да қаражаттар бар", деді Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Олег Крук.

Тұрғын үйлерден бөлек, апат кезінде зиян шеккен шағын және орта кәсіп те бар. Олардың да бизнестерін қалпына келтіруді жылу беруші компанияның мойнына ілген. Ол үшін, жедел штабқа жүгіну қажет.  

Есенбек Санатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу