Екібастұзда құрылыс нормаларының бірі де сақталмаған

694

Екібастұздықтар балалар дәмханасының салынуына қарсы.  

Екібастұзда құрылыс нормаларының бірі де сақталмаған

Екібастұз қаласы Мәшһүр Жүсіп көшесі, 60 пен 64 үйдің ауласында балаларға арналған дәмхананың құрылысы қызу жүріп жатыр. Бірақ жұмыс барысында техникалық талаптар сақталмай, көпшілікке қауіп тудырып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Осыдан бірнеше ай бұрын шағын аулада тағы бір бизнес нысанының кірпіші қалана бастады. Десе де, мұндағы қателіктер жетіп артылады.

Мәселен, дәмханаға кірер есік көліктер күн сайын зулап өтетін жолдың дәл бойында орналасқан. Тіпті, автокөлік жолының екі метр жерін жаңа нысан алып алған. Ата-аналар балмұздақ жеуге келетін балалар көліктің астында қалып, жазатайым бола ма деп қауіптенеді.

Жолдың тарылып қалғаны соншалық өрт сөндіру мен жедел жәрдем көліктерінің аулаға кіре алмай қалатын түрі бар. Ол түгілі қазіргі уақытта жеңіл көліктердің өзі әрең өтеді.

Ол, ол ма? Осы ауладағы көпқабатты үйлерге электр энергиясын тарататын жарық бағандары құрылыстың ішінде қалып қойған.

"Дәмхананың ішінде электр тіреуіштерінің болуы – қисынға келмейтін дүние. Ертеңгі күні тәттілерге алданып келген балалардың токқа түсіп қалмасына кім кепіл? Ал жарыққа қатысты апаттық жағдай болса, мамандар тамақтану орнының ішіндегі желілерді қалай жөндейді? Мұндай құрылысқа рұқсат беріп қойып, әкімдік қайда қарап отыр? Құрылыс нормаларының бірі де сақталмаған. Сондықтан нысанның тез арада сүрілуін талап етеміз", - деп ашынады Игорь Смирнов есімді тұрғын.

Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Ахметов тиісті құжаттар Павлодар облыстық қала құрылысы және жерді бақылау басқармасына жолданғанын айтып, оңай құтылды. Ендігі шешімді осы басқарма қабылдауы қажет.

Ал бұл ретте дәмхана салуды бастаған кәсіпкер А.Тұрлыбеков ешқандай олқылықтың жоғын алға тартты. Жұмысшылар бірнеше күн ішінде электр бағандарын аулаға қайта шығарып, бекітіп береді деп сендірді.

Бірақ жергілікті жұртшылықтың бұл сөздерге иланғысы жоқ. Мәселе аз уақыт аралығында шешімін таппаса, базынасын Ақордаға дейін айтып баруға бекініп отыр.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу