banner

Екібастұзда тағы құбыр жарылып 15 тұрғын үй жылудан ажыратылды

609

Таңға жақын Екібастұзда тағы да құбыр жарылып, 15 көпқабатты тұрғын үй жылу мен ыстық судан ажыратылды. Жергілікті билік кешке дейін қалпына келтіреміз деп уәде еткен. 

Екібастұзда тағы құбыр жарылып 15 тұрғын үй жылудан ажыратылды

Екібастұздағы әбден ескірген жылу желілерінің жарылуы толастар емес. Тоз-тозы шыққан аула ішілік тораптар жұртты әбден әбігерге салып бітті. Түндегі апаттан кейін төңіректегі 15 көпқабатты тұрғын үй жылу мен ыстық судан ажыратылды. 

6 желтоқсан күні таңғы сағат 04:30-да №6 шағын аудандағы орамішілік жылу желісінде құбыр жарылды. Оған жөндеу бригадалары жіберілді. Осыған байланысты Бауыржан Момышұлы көшесіндегі 7 тұрғын үй және Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі 8 тұрғын үйге ыстық су беру уақытша тоқтатылды. Құбырды сағат 14:00-де дейін жөндеу көзделген.

"Нақты 12 үйімізде барлық пәтерлерге жылу жеткізілмеген. Жаңағы 12 үйдің ішінде біз оны жылу жеткізілмеген үйлердің қатарына енгізіп отырған себебіміз, толық барлық стояктар іске қосылмаған", деді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.

Қалай дегенмен де кеншілер қаласында әлі де тоңып отырған тұрғындар көп. Әлеуметтік желілер мен жекемізге шығып видеолар таратып жатқан жұрт зар илейді. Олар әкімдік жалған ақпарат таратып жатыр, деп налиды. 

Үкімет басшысының орынбасары, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин, апта соңына дейін Екібастұздағы барлық үйге жылу беріледі депті. Ол, өткен сәрсенбі күні қатып қалған қалаға келгенде кешке дейін жылу толық қосылады, деп сендіріп кеткен. 

Айтпақшы, кеше Екібастұз жылу орталығының учаске бастығы гаражындағы көлігінде өлі күйінде табылды. Әйтсе де, полиция оқыс оқиға марқұмның қызметіне қатысы жоқ екенін айтады. 

Есенбек Санатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу