Екібастұзда жылу тарифі қымбаттайтын болды

Бұған дейін кей тұрғындар бұған наразылығын білдірген еді. 

Екібастұзда жылу тарифі қымбаттайтын болды Фото: akorda.kz

Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын жылу желілері жарылып, жылу-электр орталығындағы кейбір құралдары істен шығуы салдарынан Екібастұз қаласының жұртшылығы қыс бойы дірдектеп шыққан еді. Өткен жылғы ерте көктемнен бастап олқылықтарды жойып, жылу жүйесін толығымен жаңғырту үшін ауқымды жұмыстар атқарылды. Енді оның есебі тұтынушылардың қалтасына тиетін түрі бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Бұған дейін "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС бірнеше рет қоғамдық тыңдау өткізіп, жылудың жаңа тарифтерін ұсынған болатын. Тіпті, 149%-ға дейін арттыруды көздеді. Мұны кәсіпорын басшылығы түрлі себеппен түсіндірді. Компания бас директорының міндетін атқарушы Анатолий Моисей материалдық тұрғыдан керек-жарақпен қамтуға 940 млн 874 мың теңге, жылу станциясының үздіксіз жұмыс істеуі үшін 182 млн теңге керек екенін алға тартқан-ды. Оған қоса, электр энергиясын төлеуге, көмір сатып алуға, қызметкерлердің айлығын арттыруға қаржы керек. Себебі мұндағы жалақының аздығынан мамандар тұрақтамайды. Ал оның салдары тұтас станцияның жұмыс істеуіне кері әсерін тигізіп отыр. Жағдайды жақсартуға барлығы 2 млрд 148 млн теңге қарастырылғанын алға тартты. Ал мұндай соманы тарифті көтеру арқылы ғана табуға болады. 

Алайда бұған бірнеше рет ұйымдастырылған қоғамдық тыңдауға қатысушылар келісе қоймады. Алдымен жылумен "жарытып" алуды сұрады. Содан соң ғана тарифті арттыру мәселесіне оралуға болатынын кесіп айтты. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов та жылу желілерін жөндеуге жұмсалған шығын екібастұздықтардың мойнына артылмауы керек екенін айтқан болатын.  

"Монополист табиғи монополияларды реттеу департаментіне тарифті 100%-дан асыра көтеруге өтінім берді. Бірақ мұндай өсім болмайды. Қазіргі уақытта департамент жылу ақысын 25-40% аралығында көтеру мәселесін қарастырып жатыр", - деген еді аймақтың басшысы жыл соңында. 

Ал күні кеше жаңа тариф бекітілді. Соған сәйкес, ақпан айынан бастап екібастұздықтар жылу үшін қазіргіден қымбат төлейтін болды. "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС жылу энергиясын беру, тарату және жабдықтау қызметтеріне 2024 жылғы 1 ақпан мен 2025 жылғы 31 қаңтар аралығындағы кезеңге арналған тарифтер бекітілді. 

Сөйтіп, орташа тариф 5579 теңгеден 7780 теңгеге дейін өсетін болды. Жалпы үйге ортақ жылу есептегіш құралдарын орнатқан көпқабатты баспана тұрғындары жылу энергиясы үшін бұған дейін 1807 теңге төлеп келсе, енді 2554 теңге беруге міндеттеледі. Ал есепке алу аспаптары жоқ тұрғындар үшін 3337 теңге болады. 

Есептеуіш құралдары бар басқа да тұтынушылар, олардың қатарында бизнес өкілдері де бар, жылу үшін 8393 теңгенің орнына 10 712 теңге, ал мұндай құралдарды орнатпаған ұйымдар 8393 теңгенің орнына 14 185 теңге төлеуі тиіс. 

Бұл ретте негізгі салмақ бюджеттік ұйымдарға түседі. Олар үшін жылу тарифі бірден 93 пайызға қымбаттайды. Бұған дейін аталмыш мекемелер жылуға 25 421 теңге төлеп келсе, енді ай сайынғы коммуналдық қызмет ақысы 49 274 теңгеге жетеді. 

Айта кетейік, былтыр Екібастұзда жылу-электр орталығын жөндеу үшін 17 млрд теңге қаржы жұмсалған-ды. Сондай-ақ, 72 шақырымнан астам жылу құбыры толығымен жаңартылды. Бұл қаладағы тозығы жеткен ескі құбырларды 20%-ға жаңартуға мүмкіндік берді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу