banner

Екібастұздағы ахуал түзелмей тұр

467

Төтенше жағдай жарияланған Екібастұз қаласындағы ахуал мәз емес. Керісінше күрделене түскендей. Облыс әкімін орнынан алғанымен жамала қалған құбыр жоқ, күннен күнге жарылып жатыр. 

Екібастұздағы ахуал түзелмей тұр Фото: El.kz

Үкімет апаттың алдын ала себебін анықтапты. Әдеттегідей, айран ішкен құтылып... шелек жалаған тұтылатын түрі бар. Станциядағы мамандардың қателігі, деген сөз айтыла бастады. Соған қарағанда олигарх Клебановтың мұртын балта шаппайтын сыңайлы. 

Екібастұздағы ахуалдың көңіл көншітерлік емес екенін жағдайды өзі бақылауға алу үшін келген Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр да мойындайды. Кеше ол келе сала апат алаңдарын бір аралап шықты. 

Өткен сенбінің түнінен бері жылу құбырлары 100-ге жуық жерден жарылды. Негізгі апат ошағын тек 30-қараша күні ғана анықтаған. Ол жер қазір қалпына келтіріліп жатыр. Алайда, аула ішіндегі қатып қалған құбырлар бірінен кейін бірі опырылуда. Ал, жергілікті билік жағдай түзеліп келеді, деп жоғарыға жалған ақпарат беруде дейді тұрғындар. 

"Әкімдікке енді жан жақтан келіп жатыр ғой, "ой қатырып жатырмыз нетіп жатырмыз", өтірік сөз. Өздері чисто видео снимает отправляет а так өтірік сөз, өтірік. Көп райондарда жылу жоқ", дейді қала тұрғыны Гүлсім Смақова.

Екібастұздағы жылусыз үйлер мұз құрсауында қалды. Қатып қалған батараеялар жарылып, пәтерлері бүлінген жұрт көп. Ал, аулалардағы құбырлардан аспанға атқан сулар аязда мұз қалашыққа айналды. 

Биыл екібастұздықтарға жаңа жылдық шырша құрмай-ақ қойса болады. Өйткені, құбырлардан атқақтаған су түрлі фигура жасап мынадай аязда қатып қалған.

1-желтоқсан күні бұған дейін облыс әкімі болған Әбілқайыр Сқақовты орнына алып тастап, уақытша міндетін атқаруға бірінші орынбасары Олег Крукты қойды. Ол көп жылдар бойы "Екібастұз жылуэнерго" комапиясының құрылтайшысы Александр Клебановтың қол астында жұмыс істеген. Кеше кешкісін тұрғындармен кездескен Крук, үйлерде жылу батереяларының қатып жатқанын білген жоқпыз, дейді. Сонда, біздегі билік апат болған күннен бері жоғары жақты жалған ақпаратпен алдап келген бе? 

Қазір Екібастұздағы апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқаны белгілі. Алдын ала себебі де анықталыпты. Байқауымызша, стратегиялық маңызы бар нысанды меншікке басып алып оған ұзақ жылдар бойы жөндеу жасамаған құрылтайшылар жауапқа тартылмай, қатардағы қара жұмысшылар жазаланатын секілді. 

"Осы ірі апаттың себебіне тоқталар болсақ. Мемлекеттік энергобақылау комитеті жүргізіп жатқан тергеудің алдын ала қорытындысы бойынша, жылу желілеріндегі апатқа сатанциядағы қызметкерлердің қате әрекеті әсер еткен. Салдарынан бір сәтте қысым жоғарылап көптеген жарылысқа әкеп соқты", дейді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.

Осылайша, әдеттегідей айран ішкендер құтылып шелек жалағандар тұтылатын секілді. Қазір Екібастұзда әлі де болса жағдай ауыр. Соңғы дерек бойынша 90-дай көпқабатты үйде жылу жоқ. Жағдай түбегейлі қашан түзелерін ешкім дөп басып айта алмайды. 

Есенбек Санатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу