Екібастұздағы көмір кенішінде жұмысшы тоққа түсіп көз жұмды

Оқыс оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.  

Екібастұздағы көмір кенішінде жұмысшы тоққа түсіп көз жұмды Фото: www.bogatyr.kz

Кеніштегі өндірістік жұмыстарды атқару барысында 30 жастағы электр слесарьді тоқ соққан, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оқыс оқиға сенбі күні орын алды. 30 жастағы Александр Мещанов туған күніне небәрі 3 күн қалған кезде жұмыс орнында жан тапсырды. Белгілі болғандай, экскаваторды ауыстырып қосу орнына жалғау кезінде жарақат алып, соның салдарынан қайтыс болған. Павлодар облыстық полиция департаменті оқиғаның мән-жайы тергеу барысында анықталатынын жеткізді.

Жұмысшы еңбек еткен "Богатырь Көмір" ЖШС өкілдерінің хабарлауынша, арнайы комиссия құрылды.

"22 қараша күні "Богатырь" кенішінің аумағында өндірістік жұмыстарды атқару барысында оқыс оқиға орын алды. Мемлекеттік уәкілеттік органың төрағалығымен құрылған арнайы тексеру жұмыстары барысында жазатайым жайттың себептері анықталады. Кәсіпорын ұжымы әріптесіміздің қазасына байланысты жақындарына көңіл айта отырып, отбасына барлық қажетті көмекті көрсететін болады", – деп мәлімдеді.

Бұл – аталмыш көмір кенішіндегі алғашқы жағдай емес. Тамыз айында ғана 42 жастағы жұмысшы қаза тапқан болатын. Машинист жоғары вольтті электр тоғы салдарынан жұмыс орнында қайтыс болды.

Сол айда 32 жастағы слесарь биіктіктен құлады. Абырой болғанда, аман қалды. Дегенмен, әлі күнге дейін ем-дом қабылдауда.

Жалпы, "Богатырь-Көмір" кәсіпорнының былтырғы әлеуметтік есебіне сүйенсек, 2022-2024 жылдар аралығында кеніш орнында 6 адам қаза тапқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу