Екібастұздық электромонтерді атқан адам ұсталды

804

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Екібастұздық электромонтерді атқан адам ұсталды

Кеше таңғы 8.00 шамасында Екібастұз қаласындағы Сәтбаев көшесі бойында орналасқан көпқабатты үйлердің ауласында ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бейнебақылау камераларынан оның қоқыс шығаруға шыққаны анық көрінді. Кері қайтып бара жатқанында бетперде мен күннің көзінен қорғайтын көзілдірік киген белгісіз біреу әлгі адамды атып кетті. Араға бірнеше минут салып, қайтып келіп, екінші рет оқ атты. Кейін ізім-ғайым жоқ болды. Оққа ұшқан адам оқиға орнында ажал құшты.

Кейін белгілі болғандай, қаза тапқан екібастұздық тұрғын – "KEGOС" компаниясының 60 жасар электромонтері Жанат Мақсұтов. Әріптестерінің айтуынша, Жанат Жұмкенұлы кәсіпорынның қазығы қағылған күннен бастап электр энергиясы саласында жұмыс істеді. Жоғары вольтты желілерді жөндеу жолдарын, арнайы техникаларды басқаруды жақсы білген көрінеді. Қызметтегі жетістіктері үшін Екібастұз қаласы әкімінің, "KEGOС" компаниясы басшылығының түрлі марапаттарына ие болды.

"Ол өз міндеттеріне тиянақты қарап, тәуліктің кез келген уақытында апаттық-қалпына келтіру жұмыстарына шығуға әзір болатын. Жауапкершілігі мол, ұжымда бедел, құрметке ие азамат еді", - деп еске алады әріптестері.

Бүгін Павлодар облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов Жанат Мақсұтовқа оқ атқан күдіктінің құрықталғанын хабарлады. Ол Екібастұз қаласының 65 жасар тұрғыны болып шықты.

"Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті азаматты ұстады. Бұл оқиғаның себептері анықталуда. Күдікті Екібастұз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қару-жарақ тәркіленді", - деп хабарлады Нұрлан Мәсімов.

Бұл іске қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабы 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі басталды.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу