Екібастұз қаласындағы электр машина зауыты қызметкерлері қаржыландырудың болмауы салдарынан жұмысшыларға еңбекақыны уақытылы төлемегені анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Сондықтан бір топ қызметкерге прокуратура көмегіне жүгінуге тура келді. Құзырлы орган өкілдері арнайы тексеру жүргізіп, заңсыздықты анықтады.
"Прокурорлық қадағалау акті негізінде құқық бұзушылықты жою бойынша шаралар қабылданды. Нәтижесінде 100 қызметкерге жалпы сомасы 20,3 млн теңге жалақы төленді. Ал жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деп мәлімдеді прокуратура өкілдері.
Сол сияқты Павлодар қаласындағы "Қазақ зағиптар қоғамы" қоғамдық бірлестігінің "Павлодар оқу-өндірістік кәсіпорны" ЖШС қызметкерлері жұмыстан заңсыз шығарылғанын сот арқылы дәлелдеуге мәжбүр болды. Белгілі болғандай, аталған кәсіпорында тігінші болып жұмыс істеген, көзі нашар көретін қызметкерлер өткен жылдың шілде айында жұмыс берушінің бастамасымен өндіріс көлемінің азаюына байланысты жұмыстан шығарылған. Бірінші инстанциядағы сот бұйрықтарды ішінара заңсыз деп танып, жұмыстан шығару негізінің мәнін өзгерткенімен, қайтадан қызметке қабылдауға қатысты өтінішті мақұлдаған жоқ.
"Аппеляциялық алқа жұмыс берушінің өндірістің жалпы көлемінің азаюын, құрылымдық бөлімнің жабылуын нақты айғақтармен дәлелдемегенін анықтады. Сонымен қатар, жұмысшыларды басқа қызметке ауыстыру мүмкіндігі қарастырылмаған. Сондықтан алқа жұмыстан шығаруды заңсыз деп таныды", – делінген сот хабарламасында.
Оған қоса, сот жұмысшыларды бұрынғы лауазымында қайта қызметке қабылдауға қатысты шешім шығарды. Енді кәсіпорын басшылығы уақытша жұмыссыз қалған мерзімнің жалақысын төлеп, 200 мың теңгеден моралдық өтемақы беруге міндетті. Бұл ретте сот өкілдері кәсіпорынның негізгі мақсаты көру қабілеті нашар және мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту, оларды ортаға бейімдеу екенін де еске салды.