Екібастұздықтарды жылусыз қалдырған монополист айыппұл арқалады

"Екібастұзжылуэнерго" ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды.  

Екібастұздықтарды жылусыз қалдырған монополист айыппұл арқалады Фото: Есенжол Исабек

Өткен жылдың 27 қарашасында Екібастұздағы жылу желілерінде апат орын алып, бірден 149 тұрғын үй жылусыз қалған болатын. Қалада төтенше жағдай жарияланып, жылумен қамту мәселесін реттеу үшін тұтас елдің күші жұмылдырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар облыстық атомдық және энергетикалық бақылау департаменті аталмыш жағдайға байланысты арнайы комиссия құрып, тексеріс жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде кәсіпорын тарапынан бірқатар олқылық анықталды.

"Арнайы комиссияның құрамына жергілікті билік, "Екібастұзжылуэнерго", біздің департамент өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар кірді. Алдымен технологиялық ақаудың себебін анықтап, кейін алдағы уақытта оның алдын алу бойынша шаралар пысықталды. Сонымен қатар, тексеріс нәтижесінде кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деп хабарлады департамент басшысы Ринат Кәкімжанов.

Атап айтқанда, монополист компания энергияны тұтыну режимін, қондырғыларды пайдалану тәртібін бұзып, технологиялық ақаулар туралы ақпарат бермегені үшін екі бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кодекстің 300-бабына сәйкес 200 айлық есептік көрсеткіш, 301-бабына сәйкес 1 мың АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.

Ринат Кәкімжановтың сөзінше, кәсіпорын кемшіліктердің болғанын мойындап, екі айыппұлды да төледі. Өз кезегінде құзырлы департамент станция жұмысына күн сайын мониторинг жүргізуде.

Еске сала кетсек, жылу желілеріндегі апаттың салдарынан 149 тұрғын үй жылусыз қалған еді. Олардың жартысынан астамына аз уақыт аралығында қайтадан жылу берілгенімен, қалған баспана тұрғындарына бірнеше күн бойы өз үйлерінде бүрсең қақуға тура келді. Пәтер ішіндегі жылу батареялары жарылған соң кейбір үйлерде жөндеу әлі жалғасып жатыр. Арада екі айға жуық уақыт өткеніне қарамастан кеншілер шаһарында жағдайды тұрақтандыру бойынша шаралар тоқтаған жоқ. Станциядағы қондырғылардың істен шыққаны тағы бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу