Екінші деңгейлі банктер былтыр еш қиналмай 3 трлн теңгеге жуық табыс тапқан – Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент Үкімет пен Ұлттық банкке үйлесімді әрі кәсіби тұрғыда жұмыс істеуді тапсырды. 

Екінші деңгейлі банктер былтыр еш қиналмай 3 трлн теңгеге жуық табыс тапқан – Қасым-Жомарт Тоқаев Фото: britannica.com

Бүгінде елдің қаржы нарығындағы жиынтық активтердің 84 пайызы банк саласына тиесілі болып тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Дегенмен, бизнеске берілетін қарыз үлесі төмен деңгейде қалып отыр. Не бары 38 пайызды құрайды. Ал екінші деңгейлі банктер былтыр "шыбық басын сындырмай", еш қиналмай 3 триллион теңгеге жуық табыс тапты.

Банктер экономиканың негізгі қаржыландыру көзі ретінде өзінің заңды рөліне оралуы үшін жағдай жасау қажет дегенді талай рет айтылды. Бірақ сылтау таусылмайды.

Нәтижесінде банк жүйесіндегі алаяқтық әрекеттерге куә болдық. Ірі, жүйе құраушы банктер мемлекет тарапынан орасан зор көмек берілгеніне қарамастан, дағдарысқа ұшырап, тура мағынасында 1 долларға сатылды.

Қазір "банктердің өзіне тартатын қаржы ресурстарының құны жоғары" деген әңгіме айтыла бастады. Олардың экономиканы қаржыландыруына осы кедергі келтіріп отыр-мыс.

Демек экономиканы қолжетімді кредитпен қамтамасыз етудің жалғыз жолы – инфляцияны тұрақтандырып, деңгейін төмендету, содан кейін нарықтық мөлшерлемені азайту, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз арасында "тағы да қайталап айтамын: бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банктің жүйелі, үйлесімді әрі кәсіби тұрғыда жұмыс істегені маңызды" деді. 

Сонымен қатар, Халықаралық валюта қорының кеңесіне құлақ асып, түрлі терминологияны оңды-соңды қолдануға аса көп ақылдың қажеті жоқ екенін ескертті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу