Екінші деңгейлі банктердің жиынтық пайдасы 900 млрд теңгеге жуықтады

702

Finprom.kz зерттеуіне сәйкес еліміздегі 21 қаржы институтының төртеуінде шығыстың кірістен асып кетуі байқалған.  

Екінші деңгейлі банктердің жиынтық пайдасы 900 млрд теңгеге жуықтады Фото: inbusiness.kz

2022 жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша еліміздегі екінші деңгейлі банктердің жиынтық пайдасы 899,6 млрд теңгені құрады. Бұл былтырғыға қарағанда 25,4 млрд теңгеге аз, деп жазады inbusiness.kz finprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстандағы ең ірі банк – "Halyk Bank" пайда көлемі бойынша көш бастады (400,6 млрд тг). Пайда кәсіпорынның тиімділігін көрсетіп қана қоймай, бұдан бөлек меншікті капиталдың жоспарлы өсуіне де ықпал етеді.

"Halyk Bank"-тың реттеуші меншікті капиталы осы жылдың 1 қазанына қарай 1,9 трлн теңгені құрады. Аталған қаржы институтына елдегі екінші деңгейлі банктердің жиынтық меншік капиталының үштен бірі тиесілі.

Пайда көлемі жөнінен екінші орында "Kaspi Bank" орналасты (256,6 млрд тг). Үштіктер қатарында "ЦентрКредит Банк" бар (127,2 млрд тг). 

21 қаржы институтының төртеуінде шығын, яғни табыс салығын төлегеннен кейін шығыстың кірістен асып кетуі байқалды. Ең нашар көрсеткіштер "Bereke Bank"-те тіркелді. Мұнда шығын көлемі 287,3 млрд теңгені құрады. Бір жыл бұрын банктың пайдасы 102,8 млрд теңге болған.

Сондай-ақ, шығынға ұшыраған қаржы институттарының қатарында "ВТБ Банк" (37,2 млрд тг), "KZİ Bank" (14,5 млрд тг) және "Заман-Банк Ислам банкі" (591,6 млн тг) бар.

Реттеуші меншікті капитал бойынша жақсы көрсеткіштер "Halyk Bank"-тен бөлек, "Kaspi Bank" (+121,7 млрд тг), "Центркредит банкте" (+109,5 млрд тг) тіркелді. "Bereke Bank" және "Zaman Bank" көрсеткіштері "минусқа" кетті.

Меншікті капитал көлемі бойынша үздік үштікте "Halyk Bank", "Jusan Bank" (744,4 млрд тг), "Kaspi Bank" орналасты.

ҚР екінші деңгейлі банктерінің жиынтық реттеуші капиталы 1 қазанға қарай 5,7 трлн теңгені құрады. Пруденциалдық нормативтерді "Bereke Bank"-тен басқа барлық банк орындаған.

Сондай-ақ меншік капиталдың минималды мөлшерінің жеткіліктілік нормативін елдің барлық жұмыс істейтін қаржы институты орындады.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу