Екпе болмаса, ем де жоқ: Астанада балаларды ауруханаға жатқызу тәртібі өзгерді

96

Қаланың Бас санитариялық дәрігері жаңа қаулы бекітті.  

Екпе болмаса, ем де жоқ: Астанада балаларды ауруханаға жатқызу тәртібі өзгерді Фото: aqtobegazeti.kz

Астанада балаларды стационарға қабылдау талаптары қатаңдатылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұдан былай ауруханаға тек қызылшаға қарсы вакцинасы бар балалар ғана жатқызылады. Қаулы қызылша деректерінің күрт көбеюіне байланысты қабылданған.

6-28 қаңтар аралығында елордада 403 жағдай тіркеліп, бұл айдың алғашқы аптасындағы көрсеткіштен шамамен үш есе жоғары болған.

Ауру жұқтырғандардың көбі – екпе алмаған балалар. Оның ішінде 257 жағдайда ата-аналар вакцинациядан бас тартқан, 112 бала жас ерекшелігіне байланысты екпе ала алмаған.

Тағы 9 деректе жоспарлы вакцина уақытында салынбаған, ал 7 балаға медициналық қарсы көрсетілім болған.

Құжатқа сәйкес, 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің екпемен қамтылу деңгейі қайта тексеріліп, ата-аналардың келісімімен қосымша вакцинация жүргізіледі. Сонымен қатар 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлерінің де вакцина мәртебесі бағаланады. Ал 6-10 айлық сәбилерге қосымша екпе салу жоспарланған.

Білім беру мекемелерінің басшыларына күн сайын балалардың денсаулығын бақылау міндеті жүктелді. Ауру белгілері байқалған оқушылар ата-аналары келгенше оқшауланып, қажет болған жағдайда ауруханаға жіберіледі.

Ал профилактикалық екпесі жоқ балаларды ұжымға қабылдау тек ұжымдық иммунитет деңгейі кемінде 90 пайыз болған жағдайда ғана мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу