"ҚТЖ" компаниясы тарапынан кадрлық тағайындау туралы ресми хабарлама әлі жарияланған жоқ, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазақстан Парламенті Сенатының бұрынғы депутаты Геннадий Шиповских "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясына қайта оралғанын хабарлады.
Оның айтуынша, өзінің еңбек жолы дәл осы теміржолда басталған. Парламенттегі бірнеше жыл жұмысынан кейін Шиповских "ҚТЖ" ұжымына қайта қосылды.
"Алда "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының мүддесін білдіре отырып, жаңа міндеттерге кірісемін. Жаңа жұмыс, жаңа міндеттер", − деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Геннадий Шиповских 1989 жылы Қызылорда облысы Арал ауданының Сексеуіл кентінде дүниеге келген. Теміржолдағы еңбек жолын Қызылорда пайдалану локомотив депосында машинистің көмекшісі болып бастаған.
2016 жылы Шиповских Мәжіліс депутаты болды. 2023 жылдың қаңтарында ол Сенат депутаты болып тағайындалып, онда Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің құрамына кірді. Теміржолшының депутаттық өкілеттігі 2026 жылы аяқталды.