Эксклюзив! Қызылорда аумағынан динозаврдың сүйектері табылды

Мұндай маңызды ақпарат Қармақшы ауданы территориясындағы Шах-Шах шатқалына барлау экспедициясы барысында белгілі болған.  

Эксклюзив! Қызылорда аумағынан динозаврдың сүйектері табылды Фото: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі

Сонау Бор дәуірінде өмір сүрген тіршілік иелерінің сүйектерін Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі және Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейі филиалының қызметкерлері тауып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Айта кетейік, барлау экспедициясы Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаевтың жетекшілігімен ұйымдастырылды. 

– Шах-Шах кешеніне алғаш рет 1959 жылы орыс палеонтологы А.Рождественскийдің жетекшілігімен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген. "Бозтөбе" свитасында орналасқан кешеннен Мезозой эрасының Бор кезеңінде өмір сүрген динозаврлардың сүйектерінің қалдықтары табылған. 1968 жылы бас сүйегі ғана табылған динозавр "Аралозавр" деген атаумен ғылыми айналымға енді. Палеонтологтардың зерттеу жұмыстары барысында гадрозавр отрядына кіретін Аралозавр 93-86 миллион жыл бұрын өмір сүргені анықталады. Кейін бұл аймақ еуропалық палеонтолог-ғалымдардың қызығушылығын тудырып, әлемдік ғылыми журналдарға мақалалар жарияланған, – дейді Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалым-хатшысы Асхат Сайлау. 

Суретте "Аралозаврдың" реконструкциясы бейнеленген

Осылайша, қызылордалық музей қызметкерлерінің барлау экспедициясы нәтижесінде Шах-Шах шатқалынан Бор дәуірінде өмір сүрген тіршілік иелерінің сүйектері табылған. Алдағы уақытта палеонтологиялық бұйымдар арнайы мамандармен бірлесіп зерттелетін болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу