Ел аумағында су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары күшейтілді

176

Бұл туралы Төтенше жағдайлар минмистрлігі мәлім етті.

Ел аумағында су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары күшейтілді Фото: ТЖМ

2026 жылғы су тасқыны қаупі бар кезеңнің қарсаңында елді мекендерді қорғауға, инфрақұрылымның орнықтылығын қамтамасыз етуге және су басу қатерлерін азайтуға бағытталған инженерлік іс-шаралар ел өңірлерінде белсенді жүргізілуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қарағанды облысында су тасқыны қаупі жоғары учаскелерде тексеру жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті атқарушы органдарға жоспардағы іс-шараларды толық орындау тапсырылды. Бүгінгі таңда жоспарланған 138 іс-шараның 53-і аяқталды, қалған 85-і жалғасуда. Жоспар аясында 12 км қорғаныш бөгендері мен үйінділер салынды және нығайтылды, 17,5 км өзен арналарында санитарлық жұмыстар атқарылды, 700 метр су ағызу арналары салынды және жөнделді, 2 км-ден астам нөсер кәріз жүйесі тазартылды, автожолдардың 17 учаскесінде су өткізу қабілеті арттырылды, 2 гидротехникалық құрылысқа жөндеу жасалды.

Павлодар облысында қорғаныш құрылыстарын нығайту және инфрақұрылымды қорғау шаралары жүргізілуде. Ақсу қаласында ұзындығы 1,1 км арық жүйесі салынды, жылыжай кешеніне кірме жол жөнделіп, су өткізу құбыры орнатылды. Жамбыл, Жаңажол, Қараағаш, Марғұлан ауылдарында гидромелиоративтік құрылыстарды қайта жаңарту жұмыстары атқарылды. Баскөл ауылында еріген және жаңбыр суларын бұру үшін 4 су өткізу құбыры орнатылды. Сонымен қатар республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда 20-дан астам су өткізу құбыры жөнделді.

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына қарсы шаралар шеңберінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қорғау үшін топырақ үйінділері тұрғызылып жатыр. Мәмлүт қаласы маңындағы Глубокое көлінде судың деңгейін азайту жұмыстары атқарылуда. Жоспарланған 37 іс-шараның 12-сі орындалып, қалғаны дайындық кезеңінде. Негізгі автожолдарда еріген және жаңбыр суларын өткізу үшін су өткізу құбырлары орнатылуда.

Жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтері жұмыстарды жер бедерінің ерекшеліктерін ескере отырып жалғастыруда. Су тасқынына дайындық өңірлердің басты басымдықтарының бірі болып қала бермек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу