Ел өңірлеріндегі жолдардан 5 мыңнан аса олқылық анықталды

2 мердігердің құрылыс жұмыстарын жүргізу лицензиясы тоқтатылды. 

Ел өңірлеріндегі жолдардан 5 мыңнан аса олқылық анықталды Фото: ulysmedia.kz

Бұл туралы Үкімет сағатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Осы жылдың 9 айында Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы ел өңірлеріндегі жолдарға 10 мыңға жуық тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 5,1 мың олқылықты анықтады. Сондай-ақ жол-құрылыс материалдарының 23 мыңнан астам үлгілері іріктеліп, сынақтан өткізілді, оның 8 мыңы республикалық желіге, 15 мыңы жергілікті желіге тиесілі.

Оның ішінде 5,6 мың материал сынамалары немесе 24% белгіленген нормативтік талаптарға сәйкес келмеді. Республикалық желі бойынша 12% (1016), жергілікті желі бойынша 30% (4598) сәйкессіздіктер анықталды", – деді министр.

Нәтижесінде, мердігерлердің өз қаражаты есебінен 2 млрд теңгенің жұмысы қайта жасалады.

"Сапа орталығы жосықсыз компанияларға қатысты облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларына 100-ден астам өтініш жолдады. Нәтижесінде, бүгінгі күні 18 жағдайда техникалық қадағалау мамандарының аттестаттары тоқтатылып, 2 мердігер құрылыс жұмыстарын жүргізу лицензиясынан айырылды, техникалық қадағалау қызметтері мен мердігерлерге салынған айыппұл сомасы 29,3 млн теңгені құрады", – деп нақтылады Қайырбек Өскенбаев.

Еске сала кетсек, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде 2019 жылы 16 "ОблЖолЗертхана" РММ біріктіру арқылы құрылған болатын. Оны құрудағы мақсат – жолдарды салу, қайта құру, жөндеу және күтіп-ұстау, сондай-ақ жол активтерін басқару саласындағы жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптау.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу