Елбасы екінші деңгейлі банктерге шүйлікті

1066

Елбасы екінші деңгейлі банктерге шүйлікті

Екінші деңгейлі банктерді тексеру үшін ұлттық банктің мүмкіндігін заң жүзінде кеңейту керек. Президент Нұрсұлтан Назарбаев парламент палаталарының бірлескен отырысында осылай мәлімдеді деп хабарлайды LS.    

Мемлекет басшысы Назарбаев Ұлттық банк алдын алу режимінде жұмыс істеуі керек екенін, ол үшін оған заң негізінде көбірек мүмкіндік беру қажет екенін айтты. 

"Естеріңде болса, бұрын мен қаржыгерлер конгресін өткізетін едім. Сол кездері батыс банктері біздікілерге төмен пайызбен кредит беретін. Сонда екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) менің мұндай кредиттерге не үшін рұқсат етпейтінімді сұрайтын. Бәрі алып жатты, бірақ оны қалай қайтарамыз деп ешкім ойланған жоқ. Екінші деңгейлі банктер қаражатты қалаған жерлеріне салып жатқан кезде Ұлттық банк қайда қарап отырды? Ешқайда. Себебі ол кезде оның банктерге қарыз алуға тыйым салатындай құзыры болмады. Әлі де жоқ. Біз бас банк кез келген қаржы институтын еркін тексере алуы үшін жеткілікті құзыр беруіміз керек. ЕДБ дұрыс жұмыс істемей жатса, оларды тоқтатып "лицензияңды алып қоямыз" деп айта алуы тиіс. Кейін банктер құлап жатқанда, оларды құтқару үшін қаржы құйып отырмас үшін депутаттардан осы сұрақты қарастыруларын сұраймын", - деді Назарбаев.  

Сөзін жалғастырған президент "банктер халі нашарлап, банкроттың аз-ақ алдында тұрғанда, бұған өздерінің сауатсыз менеджменті себеп екенін түсінуі керек" деді.

"Банктер жұмыс істеп жүреді де, жағдайы нашарлай қалғанда мемлекет оларды қаржыландыруы керек пе? Мұндайды тоқтатайық. Осылай істейтін банктерді асырап отырғанша, жұмысын тоқтатып, тартып алуымыз керек. Емін-еркін жұмыс істеп, онсыз да ақша тауып жатқан жеке кәсіпкерді енді субсидиялау қалды ма?", - деп шамданды Нұрсұлтан Назарбаев.      

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу