Елбасы қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған үндеу жолдады

886

Елбасы  қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған үндеу жолдады

Елбасы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған үндеу жолдады. Үндеу мәтіні "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланды.

"Құрметті отандастар! Біз бүгін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құр­бан­дарын еске алу күнін атап өтеміз.

Біз ХХ ғасырда халқымыздың басынан өткен қасіретті оқи­ға­лардың түп-тамыры мен себептері неде екенін терең түсінуіміз керек.

1917 жылы болған Қазан сая­си революциясы мен одан кейінгі Азамат соғысы, дәстүрлі өмір салтының күйреуі, сондай-ақ Кеңес билігі жүргізген ауыл ша­руа­шылығын жедел ұжым­дастыру науқаны және оған ілесе келген жаппай ашаршылық пен зорлық-зомбылық елдің эволю­циялық дамуын күрт үзді.

Соның салдарынан халқымыз бүкіл әлем тарихында сирек болатын алапат демографиялық шығынға ұшырады.

1929-1933 жылдары 2 миллионға жуық адам қаза болып, тағы миллиондай адам жан сауғалап, елден босып кетті.

Одан кейінгі саяси репрессия қазақ қоғамының элитасын жаппай қырғынға ұшыратты. Саяси себеппен 103 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді.

Қазақстан аумағында 11 жаза­лау лагері құрылып, онда соттал­ған­дар мен олардың отбасылары адам төзгісіз қиын жағдайда күн кешті.

Қуғын-сүргіннің зобалаңын қазақтар ғана емес, Қазақ­стан­ға еріксіз, күшпен жер аударылып кел­ген 1,5 миллион өзге этнос өкілдері де көрді.

Қазақ халқының жанашырлығы мен көмегінің арқасында олар жан сақтап, аман қалды.

Мұның бәрі – "коммунизмнің жарқын болашағы" атты жалаң ұранмен жасалған қасіретті тәжі­рибенің салдары.

Эволюциялық дамудың орнын революция басқанда, осылай болады.

Еліміздің әр қиырында бой көтеріп жатқан "Қазақ халқына мың алғыс" монументтері – қазақ жерінен пана тапқан сан түрлі халықтардың шынайы ризашылық көңілінің көрінісі.

Орасан шығынға ұшырағанына қара­мастан, біздің халқымыз өзінің бірегей ұлттық болмысы мен асыл қасиет­терін сақтап қалды. Қа­ты­гездікке бой алдырған жоқ, сан ға­сырлық даналығын да жоғалтпады.

Бірақ, еліміз басынан өткен осынау сұмдық сынақтарды ешқашан ұмытпайды және ең ұлы қазына – Тәуелсіздікті ба­ғалап, сақтай біледі.

Тарихымыздың осы ащы тағы­лымы оны Қазақстанның қазір­­гі ұрпағының жадына тоқып, зер­десіне түйе білуімен құн­ды болмақ.

Сондықтан Қазақстандағы әлеу­меттік бірлік пен ұлт­ара­лық келісім, елдің тұрақты экономикасы мен биік халық­ара­лық абырой-бе­де­лі халқымызды ХХ ғасырда бас­тан кешкен зобалаңдардан сақ­тай білетін сенімді кепіл болып сана­лады.

Өткен ғасырдың қасіретті кезең­дерін енді ешқашан қайталамау үшін біз бұл жетістіктерді бағалай білуге тиіспіз.

Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев."

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу