Елде 316 мың тонна шитті мақта жиналды

562

Орташа өнімділік гектарына 24,3 ц құрады, өнімнің 84%-ы комбайндардың көмегімен жиналған.

Елде 316 мың тонна шитті мақта жиналды

Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлауынша, қазіргі таңда 316 мың тонна шитті мақта немесе жоспарланған көлемнің 95%-ы жиналды. 

"Өнімділік бойынша Түркістан облысының Ордабасы (30,2 ц/га) және Мақтаарал (25,0 ц/га) аудандары көш бастап тұр. Шаруалар өсірілген және жиналған өнімді 18 мақта өңдеу зауытының 166 қабылдау пунктіне өткізуде. Биыл әртараптандыруға байланысты мақта дақылдарына арналған егіс алқаптары 5,5 мың гектарға азайтылды. Нәтижесінде 131,2-ден 125,8 мың гектарға дейін қысқарды. Бұл бағаның өсуіне ықпал етті. Қазір шитті мақта тоннасына орта есеппен 160-165 мың теңгеден қабылдануда. Өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға өсті. Былтыр 130 мың теңгеден бағаланған болатын", – дейді министрлікте. 

Бағаның өсуі мақта өсірумен айналысатын 125 мың отандасымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын  жақсартуға мүмкіндік берген.

Айта кетсек, мақта шаруашылығын қолдау үшін мемлекет ағымдағы жылы төмендетілген бағамен 76 мың тоннадан астам жанар-жағармай, сондай-ақ мың тонна тұқым, 80 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыштар, 183 мың литр пестицидтер және зиянкестерге қарсы қолданылатын 207 мың бірлік биоагенттер бөлді.

Жалпы алғанда, биыл Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігі 30 мың ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолдау көрсетті. Сонымен қатар, жалпы құны 6 млрд теңге болатын 891 ауыл шаруашылығы техникасы үшін 1,2 млрд теңге инвестициялық субсидия төленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу