Елде электр энергиясы тапшы: Компаниялардың тұтыну көлемі артқан

715

Электр энергиясын тұтыну көлемі күрт (7%-дан артық) өсті. Ranking.kz дерегіне сүйенсек, үш өңірде ғана энергия артық қалып отыр, ал басқаларында тапшы. Халық үшін тұтыну тарифі орта есеппен 6,2%-ға көтерілді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Елде электр энергиясы тапшы: Компаниялардың тұтыну көлемі артқан

Жылдың үш тоқсанында елде электр энергиясын өндіру былтырғы сәйкес кезеңнен (7,7%-ға) артық болды. Нақты айтсақ, 83,6 млрд кВт•сағ өндірілген. 

Бар болғаны үш өңірде энергия артық қалып отыр (Атырау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары). Қалған өңірлер энергияға тапшы және олардың көбінде тұтыну өндірістен бірнеше есе асып түседі.

Тұтынудың ұлғаюы бойынша Қызылорда (жылына 16,5%), Батыс Қазақстан (14,3%), Ақмола (14,2%), Түркістан (12,7%) және Алматы (11,4%) облыстары көш бастап тұр.

Өңірлерде 2020 жылдың ұқсас кезеңінде электр энергиясын тұтынудың өсуі тек 1,5%, 2019 жылы 1,6% болған.

Биылғы қыркүйекте тұтыну 8,7 млрд кВт•сағ болды. Бұл 2020 жылдың қыркүйегіне қарағанда 7,5%-ға көп. Ең жоғары жылдық өсім Батыс қазақстан (28%), Түркістан (15%) және Ақмола (13%) облыстарында байқалды.

Батыс Қазақстан облысында электр энергиясын тұтынудың өсуі "Батыс Пауэр" (43,4 млн кВт•сағ) мен "Батыс энергия ресурстары" компанияларындағы (7,1 млн кВт•сағ) тұтынудың ұлғаюымен байланысты. 

Түркістан облысында электр энергиясын тұтынудың өсуі мына компаниялардың тұтынуының артуына байланысты: "Shymkent Temir" (3,2 млн кВт•сағ), "Энергопоток" (22,4 млн кВт•сағ), "Энергиямен жабдықтау" (6,3 млн кВт•сағ), "Югэнергоимпульс" (9 млн кВт•сағ). 

Ақмола облысында тұтынудың өсуі "Smart Energy Hub" (6,3 млн кВт•сағ), "Астанаэнергосбыт" (15,4 млн кВт•сағ), "Астана-АЭК" (4,8 млн кВт•сағ), "АБ Энерго" (18,6 млн кВт•сағ), "Көкшетау Энерго" (5,6 млн кВт•сағ) компанияларының электр энергиясын тұтынуының ұлғаюымен байланысты.

KEGOK деректеріне сәйкес, ең жоғары жүктеме сағаттарында қуатты тұтыну өткен жылғы мәннен 1500 МВт-тан асты, оның ішінде оңтүстік аймақ бойынша 400 МВт. 

Жоғарыдағы тұтынудың өсу қарқыны сақталатын болса, қазан-желтоқсан айларында тапшылық шамамен 1,7 млрд кВт•сағ болуы мүмкін. Мұның ішінде "Мойнақ ГЭС" компаниясында (Алматы облысы) блокты электр станцияларында жөндеу жүргізу қажеттілігі мен су ресурстарының жетіспеушілігі ескеріліп отыр, сондай-ақ "Жамбыл ГРЭС" компаниясында отынмен қамтамасыз етілудің шешілмеген мәселелері де ескеріліп отыр. 

Естеріңізге сала кетейік, Президенттің 2021 жылғы 26 қаңтарда ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасы негізінде, елде "Қазақстан Республикасының 2035 жылға дейінгі энергетикалық балансы" әзірленіп жатыр. Әзірлеуді осы қарашада аяқтау жоспарланып отыр.

Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес, 2030 жылға қарай қойылған мақсат: 
- жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15%-ға, газ генерациясына 25%-ға жеткізу;
- парниктік газдардың шығарылуын 1990 жылға қарағанда 15%-ға төмендету;
- баламалы энергия көздерінің үлесін 30%-ға дейін жеткізу.

Қазір 2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, электр энергиясын өндіруді бөлу мынадай: 88,5%-ы жылу және газ турбиналы электр станцияларына (74 млрд кВт•сағ, жылына плюс 9,2%), 8,3%-ы су электр станцияларына (6,9 млрд кВт•сағ, жылына минус 3,4%), 3,2%-ы ЖЭК объектілеріне (2,7 млрд кВт•сағ, бірден жылына плюс 44%) келеді. ЖЭК объектілерінің үлесі бір жыл ішінде айтарлықтай өсті (2,4%) және жалпы соңғы жылдары жоспарлы түрде ұлғаюда.

Халық үшін электр энергиясын тұтыну тарифі, осы тоғыз айдың қорытындысы бойынша, орташа есеппен 6,2%-ға көтерілді.

2020 жылдың ұқсас кезеңінде сектордағы тарифтердің жылдық өсуі 3,2% болса, 2019 жылы 6,8%-ға төмендеуі байқалған болатын.

Сектордағы тарифтер құрылымына келетін болсақ, оны Алматыны мысалға ала отырып қарастырамыз.

КВт⋅сағ – 19,74 тг. Оның жартысынан астамы (дәлірек айтқанда 51,2%-ы немесе 10,11 тг) тікелей энергия өндіруші ұйымның (электр станциясының) генерациясына тиесілі.

Тағы 30,9% (6,09 тг) электр энергиясын энергиямен жабдықтаушы ұйымдар (ЭЖҰ) арқылы тұтынушыға дейін өңірлік желілер бойынша бөлуді қамтамасыз ететін өңірлік электр желілік компанияларға тиесілі. 4,1%-ы (0,8 тг) ЭЖҰ-ның өздеріне тиесілі.
7,2%-ы (1,41 тг) электр энергиясын беру және теңгерімдеу үшін "KEGOC" компаниясына келеді. Бұл компанияның функциялары: қуатты қамтамасыз ету және реттеу (тиісінше 0,9% және 5,8%, немесе 0,18 тг және 1,14 тг).

Тариф құрылымында электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыруға және өткізуге жауапты "КОРЭМ" АҚ-ға 0,01%-ы (0,002 тг) келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу