Елде өтелмеген проблемалық несиелердің көлемі 800 млрд теңгеге дейін төмендеді

1045

Осы жылдың шілде айында елдегі екінші деңгейлі банктердің несие портфелі 11,8% (бір жылда), яғни 16,8 триллион теңгеге дейін өсті. Бұл бағытта банктердің кейінгі бес жылда орташа жылдық өсім қарқыны (CAGR) 1,8% құрап отыр, деп хабарлайды inbusines.kz порталы ranking.kz зерттеуіне сілтеме жасап.

Елде өтелмеген проблемалық несиелердің көлемі 800 млрд теңгеге дейін төмендеді

Несие портфелінің айтарлықтай өсімі шеңберінде оның сапасы да едәуір жақсарғанын айта кету керек. Нақтырақ айтқанда, маусым айының соңында төленбегеніне 90 күн асып кеткен несиелердің саны алғаш рет 1 трлн теңгеден азайып, 800 млрд теңгені құрады. NPL 90+ үлесі осылайша несие портфелінің 7,2%-дық үлесінен 4,8% үлесіне дейін төмендеді. Соңғы он жылда дәл осындай жағдай тіркелмегенін атап өту керек. Мәселен, өткен жылдың тиісті кезеңінде оның үлесі 9,0% болған. Ал 2010-2014 жылдары тіпті 25%–32% дейін жеткен. Бүгінгі таңда регулятор несие портфеліндегі NPL 90+ деңгейін 10% асырмайды.

""Уытты" несиелер көлемінің едәуір азаюына банктердің біреуінің (Jusan Bank) проблемалық несиелердің бір бөлігін есептен шығару себеп болып отыр. Сондай-ақ мерзімі өткен несиелер көлемінің азаюына несие портфеліндегі NPL 90+ үлесі 88%-дан асып кеткен Capital Bank Kazakhstan лицензиясының қайтарылуы да әсер еткен. Сонымен қатар, 20 екінші деңгейлі банктің 18-і несие портфелі бойынша көрсеткіштерін жақсартқан", - делінген зерттеуде.

Жалпы, кейінгі жылдары "уытты" несиелер деңгейін төмендету үшін бірқатар шара қабылданған. Мәселен, проблемалық қарыздар көлемінің қысқаруына банктердің AQR іске асыру кезінде активтердің сапасын жақсарту жөніндегі іс-шаралары, жекелеген банктердің проблемалық қарыздарды біріктіру процесінде оларды дербес реттеуі, сондай-ақ дәрменсіз банктерді жүйеден шығаруы себеп болып отыр.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу