Елде үш жылда 270 әскери қызметші қайтыс болған

560

Бұл туралы Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев мәлімдеді. 

Елде үш жылда 270 әскери қызметші қайтыс болған Фото: Adyrna.kz

Сенатта "Әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау мәселесі" туралы жасалған депутаттық сауалдың нәтижесіне арналған отырыс өтіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz.

Мақсат Қазиевтің сөзінше, 2020 жылдан бастап елімізде 270 әскери қызметші қайтыс болған. Оның ішінде 2020 жылы – 78, 2021 жылы – 96, 2022 жылы – 85, 2023 жылы 11 әскери көз жұмды. Өлім жағдайларының ең көп тараған себептерінің бірі ауырып қайтыс болу – 36%, жол-көлік оқиғалары салдарынан – 24%, суицид – 20%.

"Өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары бәрімізді алаңдатып отыр. Суицид профилактикасын талдау нәтижесінде әскеріміздің қоғамның бір бөлігі ретінде жағымсыз жағдайларға тәуекел екенін көрсетті. Атап айтқанда, әртүрлі мәліметтерге сәйкес халық арасындағы суицид деңгейі бойынша Қазақстан әлем елдерінің жиырмасыншы қатарында, ал жасөспірімдер арасында үштікке кіреді. Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше 2018-2022 жылдары елде 17 631 суицид және 21 332 оған оқталу жағдайлары тіркелген. Яғни 10 мың азаматқа 9 суицид және 11 өз-өзіне қол жұмсауға оқталу келеді. Олардың 86 суициді және 20 өз-өзіне қол жұмсауға оқталу әскерде орын алған. Яғни 10 мың әскери қызметшіге 6 суицид және 1 оған оқталу келеді", - деді спикер.

Демек өз-өзіне қол жұмсау көбінесе әскерде орын алды деген қоғамдағы пікір ресми мәліметтермен қуатталмайды, деп атап өтті ол.

"Өкінішке қарай, әскери қызметшілердің қаза табуы мен суицид жағдайларының кейбіреулері құқыққа қарсы іс-әрекет салдарынан болғанын атап өткім келеді. Соңғы 3 жылда әскерде болған өлім жағдайларының 9 фактісі қылмыстық әрекет әсерінен орын алған. Мысалға, сарбаз Қалбайдың өліміне қатысты резонансты іс бойынша оның әріптесі Аманжоловтың кінәсі анықталды. Өткен аптада сот процесі өз мәресіне жетіп, ол адам сотталды", - деді Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары.

Мақсат Қазиев әскердегі барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша заңдылық қамтамасыз етіліп жатқанын жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу