Елдегі жылу-электр орталықтарының тозығы жеткен

339

Прокуратура органдары 11 жекеменшік ЖЭО-да жылу-энергетика және табиғи монополиялар саласындағы заңнаманың сақталуына тексеру жүргізді. 

Елдегі жылу-электр орталықтарының тозығы жеткен Фото: inbusiness.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның отырысында республиканың бірқатар жылу-электр орталығының (ЖЭО) қызметін тексеру қорытындысы қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Прокуратура органдары 11 жекеменшік ЖЭО-да жылу-энергетика және табиғи монополиялар саласындағы заңнаманың сақталуына тексеру жүргізіп, жүйелі кемшіліктер мен заң бұзушылықтар анықталды. Әр станцияда қондырғылардың әбден тозығы шыққан, бұл жылу беру маусымында апаттарға әкелуі мүмкін.

Талқылау қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға станцияларда күрделі жөндеу мен модернизациялауды қамтамасыз ету бойынша меншік иелерімен жұмыс жасау тапсырылды.

Үкімет басшысы 2023-2024 жылдарға арналған нақты жұмыс кестесін белгілеп, оның орындалуын бақылауды талап етті. Міндеттемелер бұзылған жағдайда станцияларды мемлекет меншігіне қайтару шаралары қабылданатын болады.

Сондай-ақ комиссия отырысында еліміздің ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын газбен қамтамасыз ету саласындағы тиімсіз монополист делдалдарды жою мәселесі де талқыланды. Тиісті инфрақұрылымы бар бұл компаниялардағы мемлекеттік үлестер кезінде арзандатылған бағамен жеке қолға өткен.

Нәтижесінде бұл газ тасымалдау нарығының монополиялануына және қызмет көрсету тарифтерінің көтерілуіне алып келді. Әлихан Смайылов уәкiлеттi ведомстволарға осы активтердi ҚР заңнамасының талаптарына сай мемлекет меншiгiне қайтару мәселесiн жедел пысықтауды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу