Елена Рыбакина өзінің сыйақысын қазақстандық жас теннисшілерге берді

473

Белгілі спортшы 14 ойыншыға 2,5 млн теңгеден үлестіріп берді.    

Елена Рыбакина өзінің сыйақысын қазақстандық жас теннисшілерге берді Фото: ktf.kz

Елена Рыбакина Қазақстанның болашағынан үміт күттіретін теннисшілеріне қаржылай қолдау көрсетті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

2022 жылғы Уимблдон турниріндегі жеңісінен кейін теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы сыйақы қаржысының бір бөлігін қайырымдылыққа және Қазақстандағы жастарды қолдауға жұмсайтынына уәде берген болатын.

Қазақстанның теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлағандай, таяуда Елена Рыбакина Астанада қаңғыбас жануарларды құтқарумен айналысатын "СтопОтлов" еріктілер қозғалысына қаржы аударған.

"Ал жуырда Қазақстанның бірінші ракеткасы жас қазақстандық теннисшілердің болашақта өзі сияқты топ-ойыншы болуы үшін қарқынды дамуына қаржы бөлді. Рыбакина кімге қолдау көрсету керектігін өзі таңдады. 14 ойыншы 2,5 млн теңгеден алды. Олар: Линара Бөлешева, Полина Барабанова, Әмина Нұрмахан, Ариана Гогулина, Сәтима Төреген, Ева Корышева, Альбина Кәкенова, Аружан Арыстанбекова, Дана Байдәулет, Іңкәр Дүйсебай, Айя Нұпбай, Полина Слепцова, Сандуғаш Кенжебаева, Зара Дәркен", - делінген ҚТФ хабарламасында.

Қазақстандық және халықаралық ареналарда жеңіске жете бастаған қыздардың әрқайсы теннистегі тарихын айтып, Еленаға хат жазған. Бастапқыда Еленадан бөлінген қаржы аздау болғанымен, кейін Уимблдон жеңімпазы грант саны мен көлемін көбейтті.

"Турнир ұйымдастыру немесе жас ойыншылар үшін грант белгілеу дұрыс бола ма деп ойлаймын, өйткені өзім де кезінде Қазақстаннан үлкен қолдау алдым. Енді жас ұрпақтың дамуына менің көмек көрсететін кезегім келді", - деп уәде беріп еді Рыбакина Уимблдондағы жеңісінен кейін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу