Елге заңсыз тауар әкелудің 3 мыңнан аса дерегі анықталды

973

2 жылда бюджетке қосымша 9,3 млрд теңге түскен. 

Елге заңсыз тауар әкелудің 3 мыңнан аса дерегі анықталды

Қазақстанға декларацияланбаған тауар әкелудің 3 мыңнан аса дерегі анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) мәліметінше, 2019 жылғы наурыздан осы уақытқа дейін елге заңсыз тауар әкелудің 3 мыңнан аса дерегін анықтау нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 9,3 млрд-тан аса кедендік төлемдер мен қосымша салық түскен. 

МКК-ға қарасты "Ахуалдық орталығы" ЕАЭО кедендік шекарасындағы өткізу пункттерінде кедендік операциялардың жасалу мониторингін, кедендік бақылаудың техникалық құралдары түсірген суреттерді талдауды, сондай-ақ кедендік тексеріп қарауды үйлестіреді. 

"Сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларының (СЭҚҚ) негізсіз жүктемесін төмендету үшін тәуекелдерді басқарудың қолданыстағы жүйесі тұрақты негізде талданады. Нәтижесінде кедендік тексерулердің саны 2 есе қысқарып, заңбұзушылықтарды анықтау 1,5 есе өскен", – деп жазылған хабарламада.

Жыл басынан бері кеден бекеттерінде заңбұзушылықтарға жол берген 60-тан аса лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Бүгінде Қытаймен айна статистикасы дерегінің ауытқуы өзекті болып саналады.

"2019 жылы көлеңкелі импорт деңгейін төмендету және қысқарту үшін ҚХР-мен көлік арқылы өткізілетін тауарлар бойынша экспорттық декларациялардан мәліметтерді өзара онлайн алмасу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Нәтижесінде Қытай тарапы СЭҚҚ атауын, тауарлардың саны мен құнын көрсете отырып, Қазақстанға экспорт туралы мәліметтерді онлайн режимде ұсынады", – деп жазылған хабарламада.

ҚХР-дан алынатын барлық ақпарат тауарлардың құнын төмендету тұрғысынан талданады және кедендік төлемдер мен салықтардың сомаларын өндіріп алу жөніндегі шараларды қабылдай отырып, кедендік әкімшілендіру кезінде қолданылады.

Сонымен қатар тауарлар бойынша ақпарат алмасу Өзбекстанмен де жүргізіледі.

2021 жылдың соңына дейін Қазақстан ҚХР, Әзербайжан, Украина және Грузиямен теміржол көлігі арқылы импортталатын тауарлар бойынша ақпарат алмасуды іске асыру, сондай-ақ Түркия және Иранмен мәлімет алмасу туралы келісімге келуді жоспарлап отыр.

Осыған байланысты МКК СЭҚ барлық қатысушысынан импортталатын тауарлардың сенімді кедендік құнын мәлімдеуді сұрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу