Маусым айында Астанада өткен "Қытай – Орталық Азия" саммиті – соның анық айғағы, нақты дәлелі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алты мемлекеттің басшысы қатысқан бұл жиын өңірлік сауда, көлік дәліздері мен азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты нақты келісімдермен аяқталды. Әлбетте, еліміз транзиттік әлеуеті мен сенімді серіктес ретіндегі мәртебесін бекемдеп, дипломатиядағы белсендігін еселей түсті.
Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Қытай президенттері қатысқан жиында аймақтық қарым-қатынастарды күшейту, саяси диалогты кеңейту, қауіпсіздік пен трансұлттық қауіп-қатерлерге төтеп беру жайы қозғалған.
Саммиттің қорытындысы бойынша Астана декларациясының қабылдануы жаңа кезеңге жол ашты. Мұны "елдің тарихи кезеңге бет түзеуі" деуге әбден болады. Маңызды жиын соңында мәңгілік достық, тату көршілік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
"Орталық Азия – Қытай" саммиті екінші рет ұйымдастырылып отырғанын да ескеру керек. 2023 жылы бірінші саммит Сиан қаласында өтті. Сонда алты елдің басшысы екі жылда бір рет жиналуға өзара келіскен еді.
Ал сәуір айында Самарқанда өткен Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдерінің тарихи саммиті Қазақстан үшін тағы бір дипломатиялық мүмкіндікке айналды. ЕО тарапынан ұсынылған 13,2 миллиард долларлық инвестициялық пакет – өңір елдеріне деген қызығушылық пен сенімнің белгісі саналып отыр.
Осы екі саммит те еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты мен бейбіт бастамаларға бейілділігін, жүйелі жұмыстарға деген көзқарасын паш етті. Қазақстан үшін бұл – тек саяси ұпай емес, болашақ ұрпақ үшін тұрақты даму кепілі, елдің саяси салмағының белгісі.