Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұны Жолдауындағы айқын көрсетілген басым бағыттардың біріне балады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Президент халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілегі мен өтінішін естуде сараңдық танытпау керегін еске салды әрі мұның тек науқанға ұласпау қажеттігін ескертті. Пәрменнен соң барлық мекеме, әртүрлі деңгейдегі басшылар әлеуметтік желідегі парақшаларын ашып, ел-жұртқа қолжетімді жағдай жасады, диалогқа ашық болуға көшті. Мұның өзі – қоғамның сұранысы, оны Мемлекет басшысы тамыршыдай тап басса керек-ті.
Сонымен, әкім-қаралар "Халық үніне құлақ түретін үкімет" қағидатымен мен де өз халқымның үніне құлақ түріп, белсенді жұмыс істеуге бар күш-жігерімді салатын боламын" десті. Мұндай сарындағы жазбалар әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланды. Шынын айтқанда, осы кішкентай жазбаның өзі адамға үлкен жауапкершілік жүктейді, сенім ұялатады.
Әлбетте, "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы – жүзеге асуы, орындалуы тиіс жұмыс. Бұл бастама азаматтардың өтініш-тілектеріне дер кезінде назар аударып, нақты шешімдер қабылдауға негізделді. Және қазіргі уақытта бір ізге түсіп, өз қызметін атқарып жатыр деуге болады.
Біз бұл қағиданы ел-халықпен жұмыс істейтін көптеген мекеме басты бағдар етіп, кері байланысты нығайтуға ұдайы мән беріп келеді.
Ашық үкімет осылай қалыптасады. Бұл елдегі азаматтық қоғамның дамуына өз септиігін тигізді.