Елімізде 1000-нан аса жаңа балық шаруашылығы құрылмақ

Оның 47-сі ірі бизнес болса, инвестицияның жалпы көлемі – 150 млрд теңгені құрайды.  

Елімізде 1000-нан аса жаңа балық шаруашылығы құрылмақ Фото: pr

Бұл туралы Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Оның дерегінше, 2022 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша республиканың балық өнімдері нарығының құрылымы келесідей: ауланғаны – 42,6 мың тонна, өсірілгені – 14,1 мың тонна, экспорт – 16 мың тонна, импорт – 32 мың тонна.

"Сонымен қатар 2021 жылғы сәуірде қабылданған Балық саласын дамыту бағдарламасын іске асырудың нәтижесінде 2030 жылға қарай 270 мың тоннаға дейін балық өсіру, балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайту және импорт көлемін 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін азайту жоспарланып отыр.

Көрсетілген индикаторларға қол жеткізу үшін қазіргі уақытта бизнес үшін өндірістік және инвестициялық шығындарды субсидиялау, әкімшілік рәсімдерді оңайлату және т.б. қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Жалпы мыңнан астам жаңа шаруашылық құру жоспарланып отыр. Оның 47-сі ірі бизнес түрі, ал инвестицияның жалпы көлемі – 150 млрд теңгені құрады", – деді министр.

Айта кетейік, бүгінде елімізде 72 кәсіпорын балық өңдеумен айналысады. Оның 17-сі жоғары талаптарға сай келеді және Еуропалық Одақ елдеріне балық өнімдерін экспорттау құқығын алды, қалғандары ішкі нарық пен таяу және қиыр шет елдерге бағдарланған. Осы бағытты қолдау мақсатында терең өңделген балық өнімдерін субсидиялауды және ҚҚС бөлігінде салықтық жеңілдіктерді енгізу жоспарлануда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу