Қазақстанның республикалық жолдарында орнатылған 136 мыңнан астам жол белгілерінің 97%-ы нормативтік талаптарға сай екені анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жүргізілген тексеру барысында кейбір кемшіліктер тіркеліп, оларды жою үшін жауапты мекемелерге тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.
"Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар аясында Жол активтері сапасының ұлттық орталығы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жол белгілеріне ауқымды тексеру жүргізді.
Тескеру барысында мамандар республикалық автомобиль жолдарының бүкіл желісін қамти отырып, 136 мыңнан астам жол белгісін тексерді. Нәтижесінде жол белгілерінің шамамен 97%-ы қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес келетіні анықталды", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар профилактикалық бақылау аясында назар аударуды қажет ететін шамамен 4,3 мың жағдай анықталды. Ескертулердің басым бөлігі жекелеген жол белгілерінің табиғи тозуына және техникалық жай-күйіне байланысты. Бұл – көлік қозғалысының қарқындылығы мен ауа райы жағдайларының әсерінен туындайтын қалыпты жағдай.
"Анықталған кемшіліктер қатарында кейбір жол белгілерінің бүлінуі мен тозуы, орнату талаптарынан ауытқулар, сондай-ақ ақпараттық құрылымдардың көрінуі мен оқылуын жақсарту қажеттілігі бар. Бұдан бөлек, жекелеген учаскелерде жол белгілері мен шақырымдық көрсеткіштердің жетіспеуі, сондай-ақ кейбір элементтердің түнгі уақытта жақсы көрінуі үшін жарық шағылыстыру қасиеттерін күшейту қажеттілігі тіркелді.
Барлық анықталған ескертулер жедел шара қабылдау үшін "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ мен "ҚАЖсервис" ЖШС-не жолданды", – делінген хабарламада.
Жүргізіліп жатқан тексеру жұмыстары тұрақты әрі жүйелі түрде жүзеге асырылады. Бұл жұмыстар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, жол инфрақұрылымының сапасын жақсартуға және жол пайдаланушылары үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.