banner

Елімізде 2,6 мыңнан астам адам бір жылдық сақтандыру қызметіне тіркелді

Олардың басым бөлігі – Алматы, Астана қалалары мен Алматы, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл облысының тұрғындары.

Елімізде 2,6 мыңнан астам адам бір жылдық сақтандыру қызметіне тіркелді Фото: turkystan.kz

5 қыркүйектен бастап елімізде бір жылға сақтандыру қызметі іске  қосылды. Осы күнге дейін жаңа сақтандыру тетігін 2,6 мыңнан астам қазақстандық пайдаланып үлгерді.

“2022 жылдың қыркүйегінен бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды сақтандыру тәртібі өзгерді. Бұдан былай аталған санаттағы тұрғындар алдағы 12 айға жарна төлеп сақтандыру жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды. Мәселен, науқас МӘМС пакетіндегі қызметтерді пайдалану үшін өткен жылдың берешегін өтемей, 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап 2023 жылдың қыркүйегіне дейін жарна аудара алады. Статус 3 күннен кейін беріледі, себебі екінші деңгейлі банктер төлемдерді 3 күн өңдейді”, – деп хабарлады МСҚ Алматы филиалының баспасөз қызметі.

 

Бұрынғы тәртіп бойынша сақтандыру статусына ие болу үшін өткен 12 айдың қарызын өтеу қажет болатын. Жаңа механизм 5 қыркүйектен бастап толыққанды іске қосылды.

Сарапшылар болжамынша, бұл әдіс сақтандырылмаған азаматтардың шамамен 30%-ын қамтуға мүмкіндік береді. Қазан айының алғашқы жартысында еліміз бойынша жаңа механизмді 2,6 мыңнан астам азамат пайдаланған. Олардың басым бөлігі – Алматы, Астана қалалары мен Алматы, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл облысының тұрғындары.

"Сақтандырылған адам медициналық қызметті керегінше пайдалана алады. Мәселен, өз бетінше сақтандырылатын азаматтар бір жылда 36 мың теңге төлейді. Бірақ көрсетілетін қызмет саны мен көлемі бұл қаражатпен шектелмейді", – дейді МСҚ Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев.

Бір жылға сақтандыру статусын алу үшін не істеу керек?

Өзін-өзі сақтандыратын азаматтардың ай сайынғы жарнасы биылдан бастап 3000 теңгені құрайды. Бұл – ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 5%-ы. Мысалы, осы айда сақтандыру статусын алу үшін қазан айынан бастап келер жылдың қазанына дейінгі аралық үшін жарна төленуі тиіс. Әр айдың жарнасы жеке-жеке төленеді. Тағы бір ескеретін жайт, 12 айдың жарнасын бір төлеммен аударуға болмайды. Себебі жүйе әр айды бөлек есептейді.

Жарнаны кез-келген екінші деңгейдегі банк, банктердің мобильді қосымшалары, терминалдары мен "Қазпошта" АҚ филиалдары арқылы төлеуге болады.

Сақтандырылған азаматтар МӘМС пакетіне кіретін медициналық көмектің барлық түрлерін пайдалана алады. Оған салалық дәрігерлердің консультациясы, түрлі анализдер мен диагностикалық тексерулер (рентген, УЗИ, КТ, МРТ және т.б.), ауруханаға жатып жоспарлы ем алу, медициналық оңалту, жоғары технологиялық медициналық көмек, скринингтер кіреді.

Сақтандыруға қатысты барлық мәліметті Қордың fms.kz ресми сайты, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы немесе Telegram арнасындағы SaqtandyrýBot арқылы алуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу