Елімізде 621 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр

617

Оның ішінде 402 мыңы – әлеуметтік осал топтағы адамдар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

Елімізде 621 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр

"Олардың ішінде қолдау шаралары шеңберінде ең осал және тұрғын үй мәселелерін шешуге аса мұқтаж азаматтардың 4 санаты бар. Оларға көп балалы отбасылар (91 мың азамат), 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар (51 мың азамат), мүгедек балалары бар отбасылар (24 мың азамат), жетім балалар (61 мың азамат) жатады", – деді спикер.

Бауыржан Қабдолдың айтуынша, әлеуметтік осал топтағы адамдардың тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалға алу үшін тұрғын үй төлемдері енгізілген. Бұдан бөлек 2026 жылға қабылданған тұжырымдама аясында біртұтас тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу бойынша бірқатар өзгерістер енгізілген.

"Біріншіден, жеңілдетілген несиелер бағдарламасы бойынша жергілікті атқарушы органдар салған әлеуметтік кредиттік тұрғын үйді ғана сатып алуға болады. Екіншіден, қарыздың ең жоғары сомасы бойынша шектеулер алынып тасталды. Несие сомасы сатып алынатын тұрғын үйдің нақты ауданы бойынша айқындалатын болады", – деді ведомство өкілі.

Сонымен қатар кірісті растау бойынша шектеулер алынып тасталған. Десек те қатысушы төлем қабілеттілігін растауы тиіс.

"Төртіншіден, қарыз алушының бастапқы жарнаны енгізуі сақталады. Бүгінгі таңда бұл шекті барлық қатысушылар үшін 10% мөлшерінде қарастырылған", – деді Бауыржан Қабдол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу