Елімізде 669 дәрілік препараттың бағасы төмендеді

346

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жүргізілген мониторинг нәтижесінде 2635 дәрілік препаратқа салыстырмалы талдау жасалып, олардың бір бөлігінің бағасы арзандағаны анықталды.  

Елімізде 669 дәрілік препараттың бағасы төмендеді Фото: censor.net

Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың бағасына мониторинг жүргізу және олардың халық үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Тауарларды таңбалау және қадағалау" ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, шекті бағаны реттеу тетігі енгізілгенге дейінгі кезең мен 2026 жылғы мамырдағы жағдай бойынша еліміздің 20 өңіріндегі дәріханаларда сатылатын 2635 дәрілік препаратқа салыстырмалы баға талдауы жүргізілген.

Нәтижесінде 1309 препараттың немесе 49,5 пайыздың бағасы өзгеріссіз қалғаны, ал 669 препараттың немесе 20,4 пайыздың бағасы төмендегені анықталды.

Жалпы алғанда, бөлшек саудадағы 4994 дәрілік препарат шекті бағаны реттеу тетігімен қамтылған. Реттелетін сегментте дәрілердің жартысынан астамының бағасы тұрақты деңгейде сақталған.

Сонымен қатар, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қолданылатын 3000-нан астам дәрілік зат қосылған құн салығынан босатылған.

Министрлік дәрілік заттардың бағалық қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын атап өтті. Баға шегінен асып кету фактілері анықталған жағдайда, азаматтар DariKZ мобильді қосымшасы арқылы чек пен қаптама фотосын тіркеп, тиісті органдарға өтініш жолдай алады. Сонымен қатар, қосымша арқылы дәрілердің жағымсыз әсерлері туралы да хабарлауға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу