Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 15 тамызға дейін Қазақстандағы барлық перинаталдық орталықтар мен босандыру қызметін көрсететін медициналық ұйымдарды тексеруді тапсырды. Негізгі мақсат – ана мен бала қауіпсіздігін күшейтіп, ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Тексеру барысында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары медициналық мекемелердегі инфекциялық бақылау жүйесінің талаптарға сәйкестігін бағалайды. Мамандар ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу, санитариялық нормалардың сақталуы және пациенттердің қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді қарайды.
"Инфекциялық бақылау жүйесінің басты міндеті – салдармен күресу емес, тәуекелдердің алдын алу. Әрбір инфекция жағдайы жан-жақты талданып, пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдануы керек", – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Министрліктің мәліметінше, тексеру мақсаты медициналық ұйымдарға санкция қолдану емес. Негізгі міндет – қауіп-қатерлерді ерте анықтап, оларды жою және босандыру саласындағы медициналық көмектің сапасын арттыру.
Сонымен қатар өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына медициналық ұйымдарды қажетті дезинфекциялық құралдармен, жеке қорғаныш жабдықтарымен, заманауи құрал-жабдықтармен және бір реттік материалдармен қамтамасыз ету тапсырылды.
Медицина қызметкерлеріне инфекциялық бақылау бойынша оқыту жүргізіледі. Сондай-ақ антибиотиктерді дұрыс қолдану мәселесіне де назар аударылып, бактерияға қарсы препараттарды босату талаптарының сақталуына бақылау күшейтіледі.
Тексеру қорытындысы бойынша әр өңірде инфекциялық бақылау жүйесін жетілдіруге арналған жол карталары әзірленеді.