Елімізде "Әділдікті талап ет!" атты ауқымды науқан басталады

862

Оған Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы қатыса алады. 

Елімізде "Әділдікті талап ет!" атты ауқымды науқан басталады

"Әділдік жолы" Республикалық қоғамдық бірлестігі мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі бірлесіп 2022 жылғы 15 тамызда республика бойынша "Әділдікті талап ет!" атты ауқымды науқанын бастайды, деп хабарлайды nbusiness.kz Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Науқанның басты мақсаты – қоғам арасында жемқорлыққа төзімсіздік ортасын қалыптастырып, бұл үрдіске ел азаматтарын барынша жұмылдыру. Аталмыш іс-шара жемқорлықтың болуы немесе орын алуы мүмкін деген, қоғамды алаңдататын мәселелердің кең ауқымын кезең-кезеңімен қамтитын болады.

Бірінші кезеңде автожол саласындағы мәселелерге тоқталып, жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау барысындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтауға назар аударылады.

2022 жылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қ-Ж.К.Тоқаев жол салу саласында сыбайлас жемқорлыққа бейімділік көрсеткішінің жоғары екенін атап өтіп, елімізде жол салу барысында 10 жыл ішінде болған бұзушылықтарды мұқият тексеруді тапсырған. "Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп... Жолдың нашар сапасына қатысы бар барлық кінәлілерді Заңға сәйкес жауапкершілікке тарту қажет", - деді мемлекет басшысы.

Қазақстанда бұл сала сыннан көз ашпай жатқаны анық. Сапасыз жолдар – жол-көлік апаттарында талай адамдардың қайтыс болып, жарақат алуларының себебі болып табылады. 2021 жылы автожол саласына 500 млрд.тг. шамасында қаржы бөлінген. Сонымен қатар, осы жылы 14 000 жол-көлік апаты тіркеліп, онда 2000-нан аса адам қаза болып, 18 000 адам  жарақаттанған.     

Сапасыз жолдар – адамдардың өміріне қауіп төндіретін жол апаттарының, тасымалмен айналысатын бизнес-қауымдастығының өзекті проблемасы болып отыр. Жалпы, транспорт жүйесі – ұлттық экономика үшін маңызды деп саналатын еліміздің инфрақұрылымы. БӘФ Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінің көрсеткішіне сәйкес жол сапасы жөнінен біздің ел 138 орынның 108-орнында орналасқан.

Биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. Автожолдарды салу жобаларының барлық кезеңдері жемқорлық тәуекелдеріне бейім. 

Азаматтар науқанға Adildik.kz веб-сайты арқылы қосылып, 1463 Call center бойынша Қазақстан автожолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы ақпаратты 15 тамыздан бастап хабарлай алады.  

Келіп түскен барлық ақпарат қалың жұртшылықты жұмылдыра отыра,  жергілікті және республикалық "Әділдік кеңесі" атты Кеңестерінде талқыланады. Сонымен қатар, салалық нормативті-құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында және уәкілетті органдарға сындарлы ұсыныстар ұсынылатын болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу