Елімізде адвокаттық мантия бекітілді

158

Бұл бастама "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабы 6-тармағына сәйкес жүзеге асырылды. 

Елімізде адвокаттық мантия бекітілді Фото: Республикалық адвокаттар алқасы

Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы адвокаттардың кәсіби киімі – мантия мен оның сипаттамасын ресми түрде бекітті, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Адвокаттық мантия – құқық қорғау қызметін жүзеге асыратын тұлғаның ерекше қоғамдық-құқықтық мәртебесін білдіретін нышан. Ол адвокатты кәсіби қызметіне кедергі келтіруі мүмкін тінту, қудалау және басқа да араласулардан қорғауға бағытталған кәсіби артықшылықтың белгісі саналады.

— Мантия кию – міндет емес, әр адвокаттың таңдауы. Құқық қорғаушы сот процесінде мантия кию-қимайтынын өзі шешеді. Сонымен қатар, мантияны ресми іс-шараларда да қолдануға болады, – делінген Республикалық адвокаттар алқасының баспасөз хабарламасында.

2024 жылы өткен III республикалық адвокаттар спартакиадасы аясында мантия жобалары алғаш рет таныстырылып, 300-ге жуық адвокат қатысқан анонимді сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде, кеңірек талқылау қажеттілігі туындап, бүкіл ел бойынша 3 мыңнан астам адвокат қатысқан ашық онлайн сауалнама ұйымдастырылды.

Адвокаттар қауымдастығының пікірі негізінде және аумақтық алқалардың ұсыныстары ескеріле отырып, Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы мантияның келесі үлгісін бекітті:

Адвокаттық мантияның негізгі сипаттамалары:

  • Қара түсті матадан тігілген, жағасы көгілдір — бұл түс Қазақстан туын бейнелейді;
  • Жағасы мен сәндік ленталарда "Қорғау" ұлттық өрнегі қолданылған — бұл "тұмар" немесе қорғау белгісін білдіреді (дизайн "OIU Qazaq Design" жинағынан алынған);
  • Ашық фасон (түймесіз және бекіткішсіз) – адвокаттың еркіндігі мен тәуелсіздігін бейнелейді;
  • Симметриялы көк ленталар – теңдік пен әділеттіліктің символы.

Адвокаттар мантияны кез келген тігін шеберханасында өз таңдауы бойынша тіктіре алады, басты талап – оның ресми сипаттамаға сай келуі.

Адвокаттық мантияны кию тәртібі мен сипаттамасына қатысты толық ақпаратпен Республикалық адвокаттар алқасының ресми сайтында – advokatura.kz танысуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу